Site icon KAZAKBOL

Мұрат Әбенов жер мәселесіне қатысты халықты бір-біріне қарсы қоюды доғару керектігін айтты

Қоғам белсендісі әрі мәжілістің экс-депутаты Мұрат Әбенов жер мәселесіне қатысты халықты бір-біріне қарсы қоюды доғару керектігін мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Әбенов Facebook парақшасында елді тыныштыққа шақырып, митингке шығушыларды айыптап отырғандардың өздері жағдайды ушықтырып жатқанын сөз етті.

«Кейбір адамдар митингтердің немесе жекелеп сын айтушылардың артында «түрлі-түсті революцияны» жақтаушылар тұр деген пікірді қоғам санасына құюға тырысуда. Жердің сатылуы мен шетелдіктерге берілуіне қарсы шыққандар алдына саяси мақсат қойып алған-мыс. Бұны қайдан шығарып отыр? Дәлелдеріңіз қайда? Егер, сіздердің ойыңызша, елде революция дайындалып жатса, оның артында кім тұрғанын атаңыздар. Олардың мақсаты не? Егер бұл бос сөз болса, жағдайды одан әрі ушықтырудың не қажеті бар? Бізге өзгелердің жағдайын мысал етудің қажеті жоқ. Тыныштыққа шақырған сыңай танытып, қоғамды жер мәселесін саясаттандыруға итермелеп отырған сіздерсіздер», — деп жазған Әбенов.

Ол азаматтарды бір-біріне қарсы қоюды доғару керектігін ескертті.

«Тараптарды қатаң шара қолдануға үгіттеудің қажеті жоқ. Жер кодексіндегі кейбір мәселелер ғана қиындық туғызуда. Бар болғаны сол… Азаматтарымыздың дені заңға бағынады және мәселені мемлекеттік органдардың құзырымен шешуден үмітті. Бұдан да қиын жағдайларда халқымыздың ғасырлық даналығы бірлікті сақтауға көмектескен. Адамға өз ойларыңызды таңып, азаматтарды бір-біріне қарсы қоюды доғару керек. Одан да мәселені жедел шешудің амалын қарастырған жөн», — деп  түйді Мұрат Әбенов.



Exit mobile version