Мұрат Телібеков смартфонға тыйым салатын заңның қалай пайда болғанын айтып берді деп хабарлайды Skifnews.kz.
24 наурыздан бастап еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкер, соның ішінде ішкі істер органдарының мамандары да жұмыс орнына смартфонсыз келіп жатыр. Қабылданған жаңа заңға сәйкес, енді жоғары лауазымды шенеуніктен бастап қарапайым мемқызметкерге дейін жұмыс уақытында смартфон пайдаланбауы тиіс. Алайда бұл талаптарды министрлер, олардың орынбасарлары, комитет, агенттік төрағалары, генералдар орындайды ма? Әлде, экс-депутат Мұрат Әбенов айтқандай, телефондарын шұлықтарының арасына жасырып алып келеді ме?
Ол жағын уақыт көрсетер. Ал, Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков болса осынау заңның орнығып кетуі екіталай дейді. «Әрі кетсе бір айдан кейін заң жайына қалып, шенеуніктер қайта смартфондарына үңіліп отыратын болады» дейді Телібеков. Ол сондай-ақ, осынау құжаттың қалай қабылданғанын да өзінше болжап берді.
«Дәл осындай заңның расымен де қабылданып кеткеніне мен әлі сене алар емеспін. Менің пікірімше, бұл бірқатар шенеуніктің тоқырауға ұшырағанын көрсетеді. Мұндай «дерт» бюрократия мен жемқорлық жайлаған әлемнің өзге де елдерінде кең жайылған. Жағдайды қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейін. Көз алдыңызға елестетіңіз, үлкен шенеунікті қожайыны шақырып алады да айқайға басады: «Сен немен айналысып жүрсің, иттің баласы?! Неге жұмысыңда белсенділік жоқ? Қылмыс саны өсіп барады, оны ашу көрсеткіші төмен! Ұйықтай бермей жұмыс істеу керек!!!» дейді.
Кабинетіне оралған шенеунік бас қатырып, ойлана бастайды: «Белсенділікті қалай арттыру керек?! Қандай шаралар қолданған жөн? Қылмыспен күресу ауыр, қауіпті әрі тиімсіз. Біреуді өлтіріп қоюым да мүмкін. Оның үстіне бұл қылмыс аз пайда әкеліп жатқан жоқ. Не істеу керек енді?» деп үйіне қайтады. Үйінде әйелі күтіп алады, болған жайтты онымен бөліскен соң біраз жеңілдеп, жаны аз уақытқа жай тапқандай болады. Арада бірер сағат өткен соң жанында жатқан әйелі құлағына сыбырлап: «Жаным, бір уақытта өз нәпсіңді де, басшыларыңның нәпсісін де қандыра алатын әрекет жасау керек» деп ақылын айтады. Әйеліне таңырқай қараған шенеунікке жары одан әрі:
— Иә, иә! Мен не істеу керек екенін білемін! Барлық мемқызметкерлерге жұмыс уақытында смартфон пайдалануға тыйым сал!!!
— Не үшін? — деп күйеуі одан сайын таңырқай түсті.
— Мемлекеттік құпияны жарияламас үшін!
Күйеуі қуанып кетті де, әйелін құшақтап, алақайлап: «Жаным, сен болмасаң мен не істер едім?!» деп қуаныштан секіре берді.
Міне, біздің елде заңдар шамамен осылай пайда болып, қабылданып жатады», — дейді Мұрат Телібеков.
Естеріңізге салайық, Наурыз мерекесінің алдында Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов барлық мемлекеттік қызметкерлердің барлығы да 24 наурыздан бастап жұмыс орнына смартфонсыз келеді деп мәлімдеген болатын.