Site icon KAZAKBOL

Мәскеу орталығында Ислам Каримовке ескерткіш орнатылды

Мәскеу орталығындағы Якиманка муниципалды округінде Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов құрметіне ескерткіш қойылды. Осылай деп округтің депутаттар кеңесінің төрағасы Андрей Морев Facebook парақшасына жариялады.

Морев ескерткіш мәскеуліктерден құпия түрде, түнде автобус пен екі полиция көлігінің қоршауымен орнатылғанын айтады. «Жұмыс тек түнде жүрді. Егер ешнәрседен қорықпасақ, күндіз де жүргізе беруші едік», – деп жазады депутаттар кеңесінің төрағасы.

Биыл қаңтар айында Якиманка округінің депутаттары Мәскеуде Каримовке ескерткіш орнатуға қарсы шығып, тіптен Change.org сайты арқылы қол жинаған.

Петиция мәтінінде «Ислам Каримов ел басқарып тұрған жылдары орыстілді тұрғындарға қысым болды. Әліпби кириллицадан латынға көшірілді. Ұлы Отан Соғысына арналған мемориалды кешендердің бәрін бұзып тастады» делінген.

2016 жылдың қараша айында Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресей астанасына Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовке арнап ескерткіш орнату жөнінде қаулыға қол қойған. Құжатқа сәйкес, ескерткіш Якиманка ауданында 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін орнатылу керек болған.

Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан 2016 жылдың қыркүйек айына дейін биледі. Ол 2 қыркүйекте, 78 жасында инсульттен көз жұмды. Каримов туған жері Самарқанда жерленді.

centralasian.org

Exit mobile version