Каспий жағалауында қонақ үй салып, курорт аймағын дамыту жергілікті су жүйесіне салмақ түсіріп, тұрғындарды судан тарықтырып отыр. Азаттықтың сұрағына жауап берген Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов осыны растады.
— «Каспий» зауыты қазір күніне 17-20 мың текше метр суды тұшыландырып жатыр. Бұл негізінен күн сайын 14 мың текше метр су пайдаланатын Мұнайлы ауданына жұмсалады. 2 мың текше метр су – Құрық елді мекеніне беріледі, тағы 2 мың текше метр жағалауындағы нысандарға керек. Олардың арасында Rixos қонақ үйі де бар, оған тәулігіне 500-700 текше метр су беріледі. Бірақ жағалауда туризм біртіндеп дамыған сайын суға деген қажеттілік те көбейеді. Өзге нысандар салынып бітсе, тәулігіне тағы 10 мың текше метр су керек болады, – деді Тұрымов.
Әкімнің сөзіне қарағанда, ауыз су мәселесін шешу үшін Ақтау билігі «Каспий» зауытының қуатын арттыруды көздеп отыр. Яғни, билік жоспары бойынша ол тәулігіне 40 мың текше метр суды тұщыландыруы тиіс. Сол үшін республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлінген. Жалпы жобалау құны 11 млрд теңге, қалған сома күзде бюджет нақтыланған кезде түседі.
— Жыл соңына дейін барлық жұмыс аяқталады деп сенімді түрде айта аламын. Мұнайлы ауданына да тұщыландыратын қосымша жабдықтар орнатамыз. Жерасты суын шығаратын орындар да бар. Осы аумақтан 4 мың текше метр суды шығару бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылды. Оған жергілікті бюджеттен шамамен 160 млн теңге бөлінді, – деді әкім.
Мамыр айында Ақтау маңындағы Мұнайлы ауданында «Шағала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ауыз судың жоқтығына шағымданып, Rixos қонақ үйі пайдалануға берілгеннен кейін құдықтан су шықпай қалғанын айтқан. Ал Маңғыстау облысының әкімдігі қонақ үйдің ауыз су тапшылығына қатысы барын жоққа шығарған.
Су тапшылығы мәселесі Ақтауда да көтерілген. 15 маусымда бірқатар бизнес нысандарына су беру тоқтатылды. Суды үнемдеу мақсатында моншалар мен көлік жуу бекеттеріне берілетін су көлемі шектелді.
Жергілікті биліктің мәліметінше, Маңғыстауда тәулігіне 139,7 мың текше метр су өндіріледі, соған қарамастан күн сайын 48,2 мың текше метр су тапшы.
Каспий жағалауына салынған Rixos Water World қонақ үйі 2020 жылы шілде айында пайдалануға берілген. Ресми мәлімет бойынша, құны 67 млрд теңге болатын нысанның ашылуына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Былтыр жазда жергілікті ақпарат агенттіктері қонақ үйдің ашылуы жайлы ақпарат таратты, ал Ақтаудың бас санитар дәрігері Асима Жарылғасова өзін қонақ үйді тексеруге үшінші рет жібермегенін айтты.
Rixos Water World қонақ үйі түрік кәсіпкері Феттах Таминджеге тиесілі. Ол Нұр-Сұлтанда биліктің тапсырысымен көптеген ғимарат салған. 2010 жылы 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні ашылған «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, «Астана Арена» спорт кешені, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Алау» мұз сарайы, Назарбаев университетінің ғимараты, Ұлттық әскери академия, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Нұр Әлем», «Қазмедиа» орталығы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Назарбаев орталығы» және онымен қатар тұрған әкімшілік ғимарат – солардың бәрін Феттах Таминдже басқаратын компания салған.
2020 жылы қараша айында Қазақстан билігі Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жоспары барын айтқан. Ерекше табиғи ескерткіш аумағында салынғалы жатқан қонақүй жобасы Қазақстан қоғамында үлкен резонанс туғызды. Азаттықтың ресми сауалына жауап берген аймақ билігі идея авторы – түрік кәсіпкері Феттах Таминдже екенін айтты.