Site icon KAZAKBOL

Маңғыстау облысында жұмыс талап еткен тұрғындар наразылықты тоқтатты

Маңғыстау облысы Жетібай елді мекенінде жұмыс талап еткен 100-ден астам тұрғын 2 сәуірге қараған түні наразылықты тоқтатты.

1 сәуірде Ақтауда наразылардың үш өкілімен келіссөз өткен. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қатысқан. 2 сәуірге қараған түні түсірілген видеода Жетібайдағы наразыларға келіссөздің хаттамасы оқылады. Хаттаманы түсіндірген адам наразылардың барлығына мұнай-газ саласынан жұмыс берілетінін айтып, адамдарға «тараңдар» дейді.

Жұмысшылар «Қашан жұмыс беріледі?» деп сұраған кезде келіссөзге қатысқан белсенді «дүйсенбіден бастап шаруаға кірісеміз» дейді.

Жергілікті әкімдік «атқару органдары түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін жиналғандар акцияны тоқтату туралы шешім қабылдады» деп хабарлады. Әкімдіктің хабарламасын Lada.kz сайты жариялады.

«Жергілікті атқару органдары, қоғам белсенділері мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Маңғыстау облысында халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу бойынша жұмысты әрі қарай да жалғастырады» деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.

Exit mobile version