Site icon KAZAKBOL

Маңғыстауда тағы бір мекемеде ереуіл басталды, әкім мәселені «үстел басында» талқылауға шақырды

Маңғыстау облысындағы ең ірі мұнай-газ кеніштерінің бірі – Қаламқаста автокөлік қызметін көрсететін «Ақтаукрантехсервис» мекемесінің жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартып, ереуіл бастағанын мәлімдеді. Басты талап – жалақыны көтеру.

Дәл осындай талаппен «Ақтаукрантехсервистің» Жетібай кеніші мен Ақтау қаласындағы жұмысшылары да жұмысқа шықпағанын айтты. Ереуіл болып жатқанын мекеменің құрылтайшысы да растады.

Аты-жөнін айтпаған ереуілшінің айтуынша, Қаламқас кенішіндегі өздері сияқты жұмыс істейтін басқа мекемелер жұмысшыларының жалақысы екі есе көп.

— Басқа мекемелердегі жұмысшылар айлығы 500-600 мың теңге (1200-1400 доллар – ред.). Ал біздің алатынымыз – 200-250 мың теңге. Біз жалақымызды сол мекемелерге теңестіріп, жыл сайынғы бір мәрте беріліп жүрген сыйақыны 20 айлық есептік көрсетікіштен 50 айлық есептік көрсеткішке жеткізуді талап етіп отырмыз (1 айлық есептік көрсеткіш – 3063 теңге – ред.). Жұмысты тоқтатыттық, — деді ол.

Жұмысшылар өздерін «Қазмұнайгаз» ұлттық мұнай-газ компаниясына қарасты көлік мекемелеріне ұзақ мерзімге келісім-шартпен тұрақты жұмысқа алуды талап етеді.

Олар бұл талаптарын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, «Қазмұнайгаз» компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаевқа жолдағанымен, жауап алмаған. Ереуілшілер бұл күндері Маңғыстау облысында жүрген Айдарбаев өздеріне назар аудармағанына ренжиді.

«Ақтаукрантехсервис» мекемесі құрылтайшысы Ерлан Матайбаев Азаттыққа жұмысшылардың талабын орындай алмайтынын айтты.

— 250 мың теңгені жеңіл көлік айдайтындар алады, қалғандарыныкі 500-600 мың теңге. Оған қоса мереке сайын сыйақы, әлеуметтік пакет бар. Одан артық өсіре алмаймын. [Жұмысшылар ереуілдетіп] тұрса тұрады, енді не істеймін? [Ереуілге шығу деген] бір жұқпалы ауру секілді, басқалар тұрған соң бұлар да тұр, — деді ол.

Қаңтар оқиғаларынан көп ұзамай, ақпанның басынан бері Маңғыстауда ереуіл қайта көбейді.

Облыстағы мұнайлы қала – Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» компаниясының бірнеше бөлімшесінің жұмысшылары 14 ақпаннан бері ереуілдеп тұр. Ал «Бұрғылау», «Теміртас», «РКЦУ Ақтау» мекемелерінің ереуілдегеніне бір аптадан асты. Бұған қоса, Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына шыққан тұрғындар жұмыссыздарға тұрақты жұмыс орындарын ашуды талап етеді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен «Қазмұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев 16 ақпанда облыстық қоғамдық коммуникация орталығында тікелей эфирде баспасөз мәслихатынөткізді. Мәслихатта әкім «кей мекемелерде еңбек ұжымдары талап қойып, кей кәсіпорындардың тұрып қалғанын» мойындады. Ноғаев «жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы дауды үстел басында шешуге» шақырды.

Алик Айдарбаев Жаңаөзендегі «Қазмұнайгазға» қарасты «Өзенмұнайгаз» компаниясының «Бұрғылау жұмыстары басқармасының» жұмысшылары жалақыны 41 пайызға өсіруді талап етіп, 14 ақпанда жұмысты тоқтатқанын растады.

— Сол күні Ақтауға келіп, бірден Жаңаөзенге бардым. Сол түні «Өзенмұнайгаздың» кәсіподақ комитеттері басшыларымен келіссөз жүргізілді. Олармен еңбек дауын шешудің ықтимал жолын талқыладық, — деді Айдарбаев. Оның айтуынша, өндіріс орнына барып, жұмысшылармен кездесіп жатқанда наразылыққа шыққандардың саны артып, жұмыс тоқтаған. «Қазмұнайгаз» басшысының айтуынша, жыл басында жұмысшылар жалақысы 10 пайыз өскен, оған тағы 20 пайыз қосу жөнінде ұйғарым жасалған.

— Ереуілге шыққан жұмыскерлердің басым бөлігі бұл ұсыныспен келісті. Бірақ кейбір жұмыскерлер мен кәсіподақ комитеті жетекшілері жалақыны 40-50 пайызға көтеруді талап етуді жалғастырып отыр. Бұл шешім бізге оңай тиген жоқ. Осы жылы жалақыны бұдан артық көтермейміз. Бұл – соңғы шешім, — деген Алик Айдарбаев ереуілшілерді «сабырға шақырып, жұмысты жалғастыруға» үндеді.

Источник

Exit mobile version