Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нөкістегі оқиғаны зерттеуге белсенділер мен қоғам өкілдері тартылады деп мәлімдеді.
Президент сонымен бірге тергеу ісі наразылықты басу кезінде күш қолданылған әрекеттерді де тексереді деді.
Еуропалық одақ, АҚШ және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Қарақалпақстандағы оқиғаны әділ әрі жан-жақты зерттеуге шақырған.
Мирзияев сөзінде Қарақалпақстандағы оқиға сыртқы күштер арқылы жылдар бойы дайындалғанын айтты. Алайда ол сыртқы күштің қай елден екенін нақты айтпады. Президенттің сөзінше, олардың мақсаты аумақтың тұтастығына нұқсан келтіріп, этникааралық кикілжің туғызу.
Өзбек билігінің мәліметінше, 1-2 шілдеде Нөкісте болған наразылық кезінде 18 адам қайтыс болып, 243-і жарақат алған.
Өзбекстан Конституциясына енгізілмек болған өзгерістер ішінде Қарақалпақстанның автономиялық мәртебесін алып тастау да болған. Бұған наразы болған қарақалпақ халқы жаппай наразылыққа шыққан.