Америкалық Ұлттық денсаулық сақтау институты мен Moderna биофармацевтикалық компаниясы COVID-19 вирусына қарсы әзірленген вакцинаның авторы кім деген сұраққа байланысты дауласып жатыр.
Вакцинаның болашағы осы даудың шешіміне байланысты болып тұр деп жазады New York Times газеті.
Федералды патенттеу мекемесіне әлі жіберілмеген өтініште Moderna компаниясы вакцинаны ойлап табушы ретінде бірнеше қызметкерінің атын атаған. Ал Денсаулық сақтау институты болса өз мекемесінің үш қызметкерін авторлар тізіміне қосуды талап етіп жатыр.
2019 жылдың соңында коронавирустың жаңа типі жайылғаннан кейін аталған екі мекеменің қызметкерлері бірлесіп вакцина әзірлеуді қолға алған. Федералды үкімет вакцина әзірлеуге бір жарым миллиард доллар және әлі дүниеге келмеген вакцинаны сатып алуға сегіз миллиард доллардан аса қаражат бөлді.
Бұл қаражат әлі сәтті дәрі-дәрмек шығармаған жас компанияны қолдау үшін қажет болған. Институт болса компанияға ғалымдары геннен анықтаған СOVID вирусының ақуызын берген. Ал Moderna болса, бұл ақуызды өзіміз анықтадық деп отыр.
Екі мекеме өкілдері газетке вакцинаның авторлығына қатысты дау туындап жатқанын растады. Егер Денсаулық сақтау институты вакцинаны әзірлеушілер қатарында болса, онда табысы төмен елдерде вакцинаны өндіруге лицензия беру құқығына ие болады.
Moderna компаниясы вакцина әзірлеуден 35 млрд доллар пайда тауып отырып, дамушы елдерге төмен бағамен сатудан бас тартып жатыр деп сынға ілігіп отыр.