Шыңжаңда қуғын көрген қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын «Нағыз Атажұрт» ұйым өкілдері (олар өздерін «Нағыз Атажұрт еріктілері» деп те атайды) саяси партия құратынын мәлімдеді.
Ұйым өкілдері 12 мамырда Алматыда ұйымдастырған баспасөз жиынында осылай деді. Бұл шараға шамамен 60 шақты адам қатысты.
«Ондағы мақсатымыз — халқымыздың әдет-ғұрпына, өткен және бүгінгі тарихына, тілдік ерекшелігімізге, ұлттық санамызға негізделе отырып, жаңа әділ демократиялық саяси жүйе қалыптастыруға белсене араласу» деді ұйым мәлімдемесін оқыған «Нағыз Атажұрт» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы.
Ол Шыңжаңдағы туыстарын қайтара алмай отырған азаматтардың мәселелері әлі күнге дейін шешілмей отырғанын алға тартып, Қазақстан билігін сынады. «Қаңтар қырғыны қазіргі билікке Қазақстан азаматтарының тағдыры түкке тұрғысыз екенін көрсетті, мұны санамызбен түйдік… Қазақстанда заң институттары түзелмей, әділет үстемдік құрмай, шетел қазақтарының мәселесін шешу мүмкін емес екенін ұғындық» деді партия құру туралы шешімін түсіндірген ол.
Осыған дейін ресми тіркеуде кедергіге ұшырағанын мәлімдеген ұйым өкілдері саяси партия құруда да оңай болмайды деп санайды. Бекзат Мақсұтханұлының айтуынша, олардың әзірге партияны тіркеуге құжаттары дайын емес.
«Әуелі қол жинаймыз. Бізді ешкім қаржыландырмайды. Халық көмегіне үміт артамыз» деді Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген Бекзат Мақсұтханұлы.
Жиынға келгендер арасында өңірлерден келгендер де болды.
Жиын барысында ұйымның бұрынғы жетекшісі, қазір АҚШ-та тұратын белсенді Серік Біләш видеоүндеу жасады. Ол “Қытай билігі жергілікті қазақтардың көшіп-қонуына еркіндік беріп, қуғын көргендерді босатуы керек” деді. Қазір Шыңжаңнан аздаған топтың елге орала бастағаны қуантады, бірақ ол аздық ететінін айтты.
“Егер Қытай билігі қазақтарды қудалауды бүгін тоқтатса, біз күресімізді ертең тоқтатуға уәде береміз” деді Біләш.