НАТО елдері Украинаға уәде еткен әскери техниканың 98 пайызын жіберді. Бұл жөнінде альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді.
«Бұл 1550-ден астам бронекөлік, 230 танкі және басқа да әскери құрал жабдықтар», — деді Столтенберг.
Ол сонымен бірге НАТО елдері ондаған украин әскери бригадасын техниканы қолдануға үйреткенін жеткізді. «Бұл Украинаға басып алынған жерлерін қайтарып алу үшін күшті позицияда тұруына көмектеседі», — деді Столтенберг.
НАТО елдері Украинаға әскери, гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. АҚШ бүгінгі күнге дейін 71 млрд доллар, Ұлыбритания 10 млрд доллар, Германия 7 млрд доллардан астам қаржы бөлді.
Ресей өкілдері батыс елдерінің Украинаға көмектесіп жатқанына бірнеше рет пікір білдірген. Олардың пікірінше, «Украинаға қару-жарақ жеткізу арқылы НАТО отпен ойнап жатыр».