Site icon KAZAKBOL

Назарбаев: Көп балалы отбасылар көмекті сәуірден бастап алуы керек

6 наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Асқар Маминді, президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевті, премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованы қабылдады.

Назарбаев премьер-министр Асқар Маминге көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмекті 1 сәуірден бастап төлеуді тапсырды.

Қазақстан президенті тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету жолдарын жан-жақты талқылау керектігін ескертті. Ал премьер-министр Асқар Мамин үкіметтің алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Маминнің сөзінше, шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытып, мектеп, аураханалар құрылысы көбейеді.

27 ақпанда Назарбаев Астанада «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде «мемлекет бюджетінің 45 пайызын әлеуметтік салаға жұмсауды тапсырған».

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті таратқан еді. Ол Сағынтаев басқарған министрлер кабинетін «экономиканың сапалы өсіміне қажетті ынталандыру жасамады және халықпен жұмыс істей алмады» деп cынаған. Кейін Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалған.

5 наурызда министрлер кабинетінің жаңа мүшелері баспасөз мәслихатын өткізіп, шілдеден бастап мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсетінін айтқан.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналар наразылығы күшейген. Олар биліктен әлеуметтік жағдайды көтеруді талап еткен.

centralasian.org

Exit mobile version