Оқушылар тағы да пышақтасты. Қайғылы жағдайдан көп қан жоғалтқан 15 жастағы Мадияр Исмағұлов жедел жәрдем көлігі жеткенше көз жұмған. Ақтөбедегі жастардың жаға жыртысуына не себеп? Олар нені бөлісе алмады? Кінәлілер қамауға алынды ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
15 жастағы Мадияр Исмағұловты жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Ата-анасының тұла бойы тұңғышы екен. Отбасындағы 4 баланың үлкені. Өзі спортқа жақын болған. Еркін күрестен чемпион. Қайғыдан қан жұтқан жақындары кінәлілер жазасын алып, сот әділ шешім шығарса екен, дейді. МӘНСИЯ ИСМАҒҰЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ. «Көп сөйлемейді, тәртіпті, әдепті, ешкімнің алдын кесіп өтпейтін бала еді, айрылып қалдық…» БАҚТЫЛЫ ӘЛЕКЕШЕВА, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ «Ақтөбеде бұл бірінші жағдай емес. Ақтөбе жаман болып барады. Школьные разборки, уличные разборки. Студенттер қырылысады. Бұл не болып кетті? Жоғарыда отырғандар соны ойлану керек ғой» Төбелестің неден шыққанынан туыстары да хабарсыз. Білетіндері Мадияр пышақ жарақатынан көз жұмған. Сол күні ол дүкенге шығып кеткен. Болған жайтқа мектептегілер де сене алар емес. Ұстаздары бірауыздан Мадиярдың өз сыныптастарының алдында беделді болғанын айтады. Олар төбелес туралы полицейлерден естіпті. Мектептің жоғары сынып оқушылары Заречный-3 елді мекенінде жанжалдасқан. Төбелесте тағы екі бала жарақат. алыпты. ЖАНАТ ЕРКЕБАЕВА № 61ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ. «Бала қайтыс болды деген хабар келді. Жоғары сыныптың, 10-11 сынып оқушылары деп естідік. Осы жағдайдан кейін жиналыс жасадық, түсіндіру жұмыстарын қайталап жүргіздік» Пышақталған Мадиярдың қалайша теміржол ауруханасынан бір-ақ шыққаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Оқушыны ол жерге кім апарғанын да ешкім айтпайды. Тек емдеу мекемесіндегілер, белгісіз біреулер келіп, пышақ жарақатын алған адамға көмек көрсетуді сұраған. Алайда, ақ халаттылар көмек беріп үлгермепті. АЙМАН БІРІМБЕТОВА ТЕМІРЖОЛ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Сол күні кезекші болған медбикенің сөзінше, сырттан адам келген. Жарақаты бар пациентке көмек керек депті. Біздің қызметкер жаралы адамды ауруханаға кіргізу қажеттігін, сосын жедел жәрдем көлігін шақыртуға кеңес берген. Оған дейін хирургті шақыратынын айтқан. Алайда, оған дейін яғни, 21:35-те ол жерде жедел жәрдем көлігі тұрған
Полицейлер Мадияр Исмағұловтың өліміне қатысы бар күдіктінің ұсталғанын айтты. Қазір «Кісі өлтіру» бабы бойынша соталды тергеу амалдары жүріп жатыр. Қақтығыста колледж студенттері де болған деген сыбыс бар. Алайда, төбелестің не үшін, қалай болғаны туралы құзырлы мекемелер айтпай отыр.