Шымкент қаласының 11 тұрғыны терроризмді насихаттап, діни алауыздық тудырды деген күдікпен ұсталды.
Оңтүстік Қазақстан облысында терроризмді насихаттап, діни алауыздық тудырды деген күдікпен 11 адам ұсталды, — деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«16 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мен ішкі істер органдары бірлесе жүргізген операция аясында Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының 11 тұрғыны терроризмді насихаттап, діни алауыздық тудырды деген күдікпен ұсталды», — деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Ұсталған адамдар «ДАИШ» пен өзге халықаралық террористік ұйымдардың экстремистік идеологиясын үгіттейтін материалдарды «Whatsapp», «Telegram» мессенджерлері мен әлеуметтік желілер арқылы жүйелі түрде таратып отырған.
«Экстремистік материалдар жалпы саны 400-ден астам адамды қамтитын 24 желілік топта орналастырылған. Тергеу және басқа да іс-шаралар жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.