Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы тақырыбында брифинг.
Жасыратыны жоқ, Бейбіт Атамқұловтың қазақ тілінен гөрі орыс тіліне жүйріктеу екендігі бұған дейін де жазылған болатын. Қазақшаға келгенде алдындағы қағаздарына қайта-қайта қарағыштай беретін әкім обалы не керек, орысшаға келгенде қамшы салдырмайды,жазады oinet.kz.
Халық алдындағы есеп беру кезінде қазақша мен орысшаны араластырып сөйлеген Атамқұлов Астанадағы брифингте сөзінің кіріспесінде бір-екі ауыз сөз қазақша айтқан болмаса баяндамасын таза орыс тілінде жасап шықты. Бұдан кейін кезек сұрақ жауапқа келді.
«Атамқұловқа алғашқы сұрақ қазақ тілінде қойылды. Ауыл шаруашылығы жөнінде. Алайда бұл сұраққа өзінің еркін жауап бере алмасын түсінді ме, әйтеуір Атамқұлов «мен бәріне түсінікті болу үшін орыс тілінде жауап берейін» деп, одан әрі ресми тілде ұзақ-сонар баяндамасына тағы да кірісіп кетті. Сонда Атамқұлов үшін қазақ тілі түсініксіз тіл болғаны ма?», — деп жазады басылым.
Естеріңізде болса, елбасы жуырда ғана орыс тіліндегі сұраққа қазақ тілінде жауап берген мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан қуу керек деген болатын. Осы сөзге кейінірек түсінік берген президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев мәселе тек қазақтілділерге ғана емес, қазақ тілінде қойылған сұраққа орыс тілінде жауап берушілерге де қатысты деп айтқан болатын.