Site icon KAZAKBOL

Оңтүстік Қазақстанда тұрғындар тозығы жеткен баспанада өлместің күнін кешіп отыр (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласына қарасты бірінші мөлтекауданындағы тұтастай бір көпқабатты тұрғын үй жұрты суды ауладан тасып, тозығы жеткен баспанада өлместің күнін кешіп отыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ол аз дегендей халық дәрет сындыру үшін үй артындағы әжетханаға баруға мәжбүр. Себебі ондағы пәтерлерде дәретхана мүлдем қарастырылмаған.

Қаланың қақ ортасында тұрып, жырақтағы ауыл халқының күнін кешкен түркістандықтардың жағдайымен NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі танысып қайтты.

Бес қабатты бұл тұрғын үй кезінде жатақхана болған екен. Кейін кеңес үкіметі тарап, ол жекенің қолына берілген. Содан бері мұндағы тұрғындар үшін пәтер ішінде ауыз суға қол жеткізу әлі күнге дейін арман болып отыр.

1997 жылдан бері аталған үйді мекен еткен Гүлнәр Құлжабаева сусыз отырғанына еті үйреніп кеткенін айтады. Бір ұл, алты қызды тәрбиелеп өсірген ол бүгінде  жұмыссыз.

Тұрғын үйдегі тоқсаннан астам пәтерде тұратындардың басым көпшілігі жұмыссыз екенін алға тартқан ол аулада орналасқан ауыз су құрылғысына шүкір етіп отыр. Тек оның ақысы биыл 250 теңге болып қымбаттағаны қалтаға кәдімгідей салмақ салғанын жасырмайды.

«Бұған дейін суға ай сайын 95 теңгеден төлейтінбіз. Көршілеріміздің көбі жұмыссыз, көпбалалы отбасылар. Биылдан бастап су ақысы қымбаттады. Кейде оны да төлей алмай, қиналатындар бар. Ауладағы құрылғы қыс ауасында қатып қалып, мектептен су тасып ішеміз. Бірінші, екінші қабаттағылар шыдады делік,  төртінші, бесінші қабаттағылар үшін күн сайын жоғарыға суды тасу кәдімгідей ауыр соғып жүр», — деді тұрғын.

Қыс ауасы демекші, күн суыта сала мұндағылар көмір жағып, жылынып келеді. Бір қап көмір 1000 теңге  тұрады. Оның өзін қарызданып сатып алатын тұрғындар отынды үнемдеп жағып келеді. Себебі мұнда жылу жүйесі де қарастырылмаған.

Қыс түсе сала, тұрғындардың көмірден улануы жиі орын алады екен. Ең сорақысы, халық дәрет сындыру үшін сыртқа шығады. Өйткені пәтерлерде дәретхана жоқ.

«Түнде шығуға қорқамыз. Көшеде бұзақылар жүреді. Үйге мейман шақырудан қалдық. Ұяламыз. Өткен жолы қонақ болып туыс сіңлім келген. Түн ішінде дәретханаға баруға шыққан болатын. Біраз уақыт жоқ болып кетті. Сөйтсек, көшеде бұзақылар тиісіп, соққыға жығыпты. Айтып отырмын ғой, дәретхана жағы өте қиын бізде», — деді Гүлнәр Құлжабаева.

«Өзім жеті баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірдім. Қазір қолымда бір қызым бар. Қалғандары үйлі болып, бөлек тұрады. Әйтеуір шамаларының келгенінше көмек беріп тұрады. Бірақ, олардың да өз үйлері, балалары бар. Қашанғы маған көмектессін?! Жұмыс іздеп Астанаға барғанмын. Ауасына денсаулығым шыдамай, қайтып келдім. Қазір үйде, жұмыссызбын. Зейнеткерлік жасына да жетпедім. Жұмыспен қамту орталығына кезекке тұрғанмын, одан да қайыр жоқ», — деп ашынды түркістандық ана.

Тұрғынның айтуынша, жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар. Тек барлық мәселені жылу жүйесіне тіреп қойыпты. Ол үшін қомақты қаржы жинау керектігін айтқан. Алайда жұмыссыз жүрген халық жауаптылар сұраған ақшаны жинап бере алмаған.

Түркістанның әкімі Әліпбек Өсербаев халықтың бұл мәселесінен хабардар болып шықты. Бірақ, тұрғын үй жекенің меншігінде болғандықтан, үйді жөндеу жұмыстарына мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін кесіп айтты.

«Ол үйді тұрмысы төмен отбасылар жалдап тұрады. Олар үй өзінің меншігінде болмағаннан кейін, ешнәрсе істегісі келмейді. Біз тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы модернизация жасайық дедік. Бірақ, олар уақытша тұрып жатқандықтан келіспеді. Ал ауыз су жайына келсек, ол жаққа ауыз су жүйесі жүргізілген. Көрші жатқан үйлердің барлығында су бар. Біз ауыз су жүйесін тұрғын үйдің алдына дейін жүргізіп береміз. Үй жекеменшік болған соң әр пәтер өздері қаржы шығарып, суды тартуы қажет», — деп түсіндірді әкім.


Exit mobile version