Site icon KAZAKBOL

Орталық Азияның үш елінде жарықтың сөну себебі тексеріледі

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның бір мезетте электр энергиясыз қалуының себебі белгісіз. Қырғызстан энергетика министрі Доскул Бекмурзаев 25 қаңтардағы баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, аймақтағы үш ел ортақ энергетика жүйесін пайдаланады.

«Энергетика жүйесі тұрақты жұмыс істейді. Бүгінгі жағдай – әдеттен тыс оқиға. Тарихта мұндай бірінші рет болып отыр, қазір үш елдің мамандары бірге жұмыс істеп жатыр. Тексереміз, себебін анықтаймыз, жариялаймыз»,- деді министр.

Оның айтуынша, Қырғызстанда абоненттердің 50 пайызы жарықсыз қалды.

Сейсенбі күні Қазақстанның оңтүстік өңірінде атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент, Талдықорған қалаларында жарықтың өшкені хабарланды. «Самұрық-Энерго» компаниясы 25 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12 шамасында елдің оңтүстік пен солтүстік бөлігінің энергия жүйесін байланыстыратын жоғары вольтты линиялар апатқа байланысты істен шыққанын айтты.

Электр энергиясы Қазақстанның бірқатар өңірімен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанның кейбір аймақтарында болмай қалған. Өзбекстан энергетика министрлігі ақауды Қазақстанның электр желілеріндегі ірі апатпен байланыстырды.

Ал Қазақстан өз кезегінде жарықтың сөнуін Орталық Азияның екі еліндегі ақаудан көрді.

Сарапшылар Орталық Азияның энергетика инфрақұрылымының әбден тозғандығын алға тартады. Аймақта электр станцияларының барлығы-дерлік Совет одағы тұсында салынған.

Источник

Exit mobile version