Site icon KAZAKBOL

Отандық дәрігер балгер мен емшілерге Құдайындай сенетіндерді сынға алды

Ақтөбе облысының бас дәрігері Рахымжан Арыстан Керек-инфо басылымына сұхбат беріп, балгерлер мен емшілерге сенбеу керектігін айтты.

«Қателеспеу керек, балшы-көріпкелдер ешқашан ешкімді емдемейді! Кеше сантехник, бүгін санитар болып жүрген шарлатандар олар. Біздің халық дәрігерге емес, сондай шыққан тегі белгісіз біреулерге неге сенеді екен?! Біреу қойдың құмалағын керемет дәрі деп ұсынса, соған Құдайындай сенетін адамдар бар. Сарышаянның құйрығын ұнтап немесе кірпінің етін қуырып беретін емшілер бар. Бұл нәрселер ешуақытта ем болмайды», — деді бас дәрігер.

«Қазір баспасөз бетінде түрлі емшілер өріп жүр. Кейбірі қазір ракты да, СПИД-ті де “емдеп” жатыр. Әруақ бар шығар. Құдайға сенетін адам аруақтың барына да күмән келтірмесе керек. Бірақ, тірі адамды тірі адам емдей алмай жатқанда, өлі аруақ қалай емдейді? Үйде отырып, іші пысып “мен емшімін” дейтіндер бар. “Сонау Тибеттің өзінен алып келген шөп” деп бір уыс жусанды ішкізіп, о дүниеге аттанып бара жатқан жерінен әрең аман алып қалған жағдай да кездесті. Ол бақсы Тибетке қашан барып келген, қалай барған? Қытайлардың өздері Қазақстанның шөбін теріп жүр емес пе?! Ақтөбеде есімі елге жайылған Қыдыр ата деген емші бар. Бұрынғы жолсерік… Есігінің алды қарақұрым халықтан көрінбейді. Біреуден естіп, сеніп барған ел ешкімнің ақылын тыңдамайды. Не дерсің мұндайда?! Тәжірбиеме сүйеніп қана сөйлей аламын. Емшілердің алдынан денсаулығын әбден ақсатып келген науқастардың көбі қайтыс боп кетіп жатыр», — деп ашынды Рақымжан Арыстан.

Сонымен қатар, дәрігер ем қону үшін сенім болу керектігін айтқан.

«Сенім – ұлы нәрсе. Адамның бойында өзін өзі емдей алатын бір құдырет бар. Бір адамға “көзің қыли” деп қақсай берсең, күндер өте әлгі адам шынымен қыли көзге айналады. Қазір қарамағымда 800-дей адам жұмыс істейді. Оның 200- і дәрігер. Палатаға кіргенде адамның түрі қандай болса да, оған дәрігердің “сенің бүгін өңің қашып кетіпті” деп айтуға құқы жоқ. Көзінің алды көлкілдеп, өзі әрең отырса да, науқасқа “бүгін жағдайыңыз жақсарған екен, жүзіңіз жайнап тұр” деу керек. Бұл өтірік, әрине. Бірақ бұл пайдалы өтірік. Яғни, дәрігердің ең аяғы өтірігі де науқасқа пайдалы болуы тиіс. Міне, осы кезде науқастың сенімі оянып, өзін өзі емдей бастайды. Бақсыға баратын адамдар да осындай. “Бақсының алдына барсам жазыламын” деген сенім балгерге бармай тұрып оянады. Содан кейін ағза өзін өзі емдей бастайды. Дертімен күресе бастайды. Бұл- адамның психологиясы. Дәрігерге сеніп келсең, жазыласың», — дейді облыстың бас дәрігері.

 


 

Exit mobile version