Site icon KAZAKBOL

Павлодарлық кішкентай кәсіпкер құрбыларына сабын жасаудың қыр-сырын үйретпек

pavlodarnews.kz.

Қыздарының талпынысына қолдау білдірген ата-анасы тың бастама баланың уақытын жоспарлауға, тиімді пайдалануына сеп болады деп отыр.

Павлодар қаласының № 25 жалпы орта білім беру мектебінің 5- сынып оқушысы Балнұр Аманкелді ерекше кәсіпті қолға алып, тапсырыспен әртүрлі формада, хош иісті сабын жасаумен шұғылданады, деп хабарлайды  pavlodarnews.kz.

Іскерлік әлеміне батыл қадам басқан жеткіншек болашақта бұл кәсібінің табыс көзіне айналарына сенімді. Балнұрдың балапан бизнесін қолдауға ниет білдіргендердің дені ересектер. Түрлі геометриялық фигуралар, жүрек, гүл, қуыршақ формасындағы түрлі-түсті сабындар кішігірім тойларда қоржын-қалтаға салуға таптырмас сыйлық саналады.

Әкесі Қожакелді Аманкелдіұлының айтуынша, қызының бұл өнері туралы Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы баяндағаннан кейін аз уақыттың ішінде 80-ге жуық тапсырыс келіп түскен. Балнұр биылғы қысқы демалыста Алматыға арнайы барып, жақын туысынан сабын жасаудың қыр-сырын үйреніп келген.

Қыздарының талпынысына қолдау білдірген ата-анасы тың бастама баланың уақытын жоспарлауға, тиімді пайдалануына сеп болады деп отыр.

Тапсырыстарды Балнұр сіңілісі Нұраймен бірлесіп, асқан қызығушылықпен орындауда.

— Салмағы 70-90 грамм сабынды жасауға 15-20 минут уақыт жұмсалады. Адам ағзасына аллергия тудырмас үшін иіс майларды да шамалап қолданамын. Сабынның негізі, әртүрлі формадағы қалыптар және түрлі-түсті бояулар сияқты қажетті шикізаттармен ата-анам, туыстарым қамтамасыз етті, — дейді оқушы.
Әрқайсысы 300-350 теңге тұратын жуғыш заттардың сапасы тұтынушылардың көңілінен шығуда. Кішкентай кәсіпкер болса түскен табыс көзін жеке есеп-шотта сақтап, кейін арнайы іскерлік орталығын ашуды армандайды.

Балапан бизнестің қанаты қатайған соң, апалы-сіңілілі жеткіншектер қатарластары үшін шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Құралай Хасенқызы

Exit mobile version