Өткен оқу жылындағы Ертіс өңірінің қоржынындағы медаль саны 219-ды құрайды.
2016-2017 оқу жылының қортындысы бойынша республикалық пән олимпиадаларының нәтижесінде Павлодар мен Алматы облыстары тең түсті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов мәлім етті.
— Алматы облысының Қаскелен қаласында өткен педагогтардың республикалық тамыз конференциясында біздің орталық кезекті рет еліміз бойынша үздік атанды. Сонымен қатар наурыз айында Павлодарда жаратылыстану-математика, Ақтауда қоғамдық-гуманитарлық бағытта өткен пән олимпиадасында павлодарлықтар елімізде 55 медальді қанжығасына салып, Алматы облысымен бірдей екінші орынды иеленді. Бірінші орында 57 медальмен Астана тұр. Жылда облыстар арасында бірінші орын алатын едік, — дейді Ғаждембек Тұрсынов.
Өткен оқу жылындағы Ертіс өңірінің қоржынындағы медаль саны 219-ды құрайды. Халықаралық олимпиадалардағы 48 медальдің 13-і алтын, 14-і күміс және 21-і қола. Республикалық деңгейдегі медаль саны – 171. Оның 27-сі алтын болса, 57-сі күміс және 87-сі қола. Тәуелсіздік жылдары Бүкіләлемдік ауқымды олимпиадаларда Ертіс өңірінің шәкірттері 22 медальге қол жеткізген.
Оның сегізі – алтын, алтауы – күміс, сегізі – қола. Мысалы, биыл математикадан Бразилияда, былтыр Гонконгте өткен олимпиадада «Жас дарын» мектебінің оқушысы Мохаммед-Әли Әмір алтын медальді әкелген.
«Білім» инновациялық лицейінің оқушысы Темірлан Рахимов «Туймаада — 2016» халықаралық олимпиадасында топ жарды. Бұдан басқа, «Қазақстанның жаңа 100 есімі» көрме материалдарын үздік ұйымдастырғаны үшін «Ертіс дарыны» орталығы бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ақбота Сейсенбаева
Фото: Рavlodarnews.kz