Site icon KAZAKBOL

Павлодарлық әйел АҚШ-та оқып келген қызы үшін 1 млн қалыңмал сұрап отыр

Фото: Әйел бақыты бағдарламасынан скриншот
Павлодарлық Салида Жанысбекқызы өзінің АҚШ-та оқып келген қызына миллион теңге қалыңмал сұрап отыр деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Ұлттық арнадағы «Әйел бақыты» бағдарламасында қонақта болған Салида ханымның қызы Майгүл Аятбекқызы Болашақ бағдарламасының түлегі, бүгінде «Астана опера» театрында жұмыс істейді.

Салида ханым қызына неліктен бір миллионнан кем емес қалыңмал сұрайтынын айтып берді.

«Қалыңмал беру құдалардың арасындағы келісім, сыйластық деп ойлаймын. Әр ата-ана өз баласын оқытып, оған жақсы тәрбие беріп, аяғына тұрғызғаннан кейін, бір жағынан ол ақшаны көп деп те ойламаймын. Неге десеңіз, қыз баланы бергеннен кейін оның міндетті түрде жасауын беру керек. Киім-кешегін беру керек. Былай қарасаңыз, қазіргі заманда одан да көп кетіп қалуы мүмкін. Бір миллион ақша қазіргі кезде түк те емес. Шындық солай. Бір гарнитур келеді ме келмей ме? Жақсы жиһаз қымбат тұрады», — дейді қыздың анасы.

Студиядағы сарапшы Омар Жәлелдің пікірінше, Салида ханымның талабы дұрыс.

«Кез-келген затты сатып аласыз, бағалы зат құнды болады. Бағасыз зат арзан тұрады. Қазақ «Арзанның жілігі май татымайды» деген. Неге қазір қыздарымыз арзандап кетті? Өйткені қыздарымызды құндамаймыз, қазір қазақтың қыздары арзан болғаннан кейін үйленген үш некенің екеуі ажырасып жатыр», — деген ой қозғады сарапшы.

Алайда, Омар Жәлел бұл өмірде қатып қалған қағиданың жоқ екенін кесіп айтты.

«Теңін тапса, тегін бер деп қазақ айтады. Қазақ қалыңмалын төлей алмаған жігітті «күш күйеу» деп атап, күйеуге қалыңмалын күшімен өтеткізген», — дейді ол.

Exit mobile version