Пентагон Қытай әскерилерінің соңғы үш жылда бомбалаушы ұшақтарын сынақтан өткізуді жиілеткенін мәлімдеді. АҚШ қорғаныс министрлігінің есебіне сәйкес, бұл АҚШ пен оның жақтастарына соққы жасауға дайындық болуы мүмкін.
Баяндама Пентагон сайтында жарияланған. Есепте Қытай армиясы «ҚХР-дан алыс қашықтықтағы нысандарды жою» мүмкіндігін жетілдіріп жатқаны көрсетілген. Америка «Қытай теңіздің қауіпті аймақтарында АҚШ-тың Тынық мұхитындағы әскери базаларын атқылауды үйрену үшін жаттығу жасап жатыр» дейді.
Биыл мамырда Пекин Оңтүстік-Қытайдағы даулы аралдарына ядролық қару таси алатын бомбалаушы ұшақтарын жіберген. АҚШ бұған алаңдаушылық білдірген.
АҚШ пен Қытай арасы «сауда соғысынан» соң ушығып кеткен. Тараптар тамыздың аяғында Вашингтонда екі жақты қарым-қатынасты талқыламақ.