Site icon KAZAKBOL

Петропавлда танымал спортшыны өлтіргендерге қатысты сот басталды

Спортшы. КТК арнасынан кадр

Петропавлда «Барыс» баскетбол командасының ойыншысы Игорь Нанаевты тепкілеп өлтірген бес жігітке қатысты сот процесі басталды деп хабарлайды КТК арнасы.

Олардың тек біреуі ғана толығымен өз кінәсін мойындап, қалғандары бұл қылмысқа қатысымыз жоқ деп отыр.

Ал жаздым-жаңылдым деген жігіт кезінде бокстан жаттықтырушы болған екен. Қалған төртеуі — студент. Араларында белгілі топта ән айтып жүрген өңірге танымал шоу-бизнес өкілі де бар. Олар адвокаттарымен қоса сотта өздерінің бет-жүзін көрсетпеуді талап етті.

Ал таяқ жеген екі жәбірленушінің әзірге біреуі ғана сотқа қатысты. Мерт болған Игорь Нанаевтың өгей әкесі болса, адвокатынан 5 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы талап-арызын беріп жіберген.

Егер сотталушылардың кінәсі дәлелденсе, 12 жыл жаза арқалауы мүмкін. Айта кетейік, былтыр күзде түнгі клубтардың бірінде шекісіп қалған жастардың дауы төбелеске ұласып, соның салдарынан баскетболшы Игорь Нанаев ауруханада тілге келмей мерт болған еді.

«Игорьдың «Саня көмектес, олар мені ұрып жатыр» деген сөзін естідім. Өкініше қарай бұл оның соңғы сөздері еді. Көмекке ұмтылып едім, қатты соққыдан есеңгіреп қалдым. Есімді жисам, олар Игорьды жабылып ұрып жатыр екен. Ал менің оған көмектесуге шамам келмеді. Тұра алмай жаттым», — дейді марқұмның досы Александр Антропов.

Exit mobile version