Site icon KAZAKBOL

ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСІП ЖҮР!

Полицейлер есірткі саудасымен күресудің орнына қылмыскерлерге көмектесіп жүр! Мұны Ішкі істер министрінің орынбасары мойындады. Тіпті, қылмыстық жолға түскен тәртіп сақшыларының қатары жыл санап өсіп келе жатқаны да әшкере болды. Елең еткізер мәліметтер мәжілісте айтылды. Бүгін төменгі палата депутаттары біраз қылмыстық әрекет үшін жазаның қатаңдауын қарастыратын өзгертулерді қарастырған болатын. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Біраз күн бұрын президент Тоқаев көлікті мас күйінде жүргізетіндерге қатысты жазаны қатаңдату керек деп тапсырып еді. Бүгін міне Бас прокуратура оны Мәжілісмендердің алдына алып келді. Егер ішімдік ішіп, рульге отырған азамат ұсталса 30 тәуілкке дейін қамалып, 8 жылға дейін көлік жүргізу куәлігінен айыру ұсынылып отыр.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Қазір сау болсын, мас болсын, адамдарды машинамен қағып, өлтіріп, жаза бірдей. Ары кеткенде 5-ақ жыл. Енді мас күйінде жасалған осы қылмыс 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы көлік құралдарын басқару құқынан айырылады».

Есірткі саудасына араласқандар үшін де жаза күшеймек. Әсіресе ғаламтор арқылы қымсынбай сататындар үшін арнайы ұғым енгізіліпті. Белігілі болғандай есірткі саудасын жүргізетін 5000 сайт бар екен. Оның 140-ы отандық. Қылмыс үшін ұсталғандар көп, бірақ жартысының ісі жарты жолда тоқтап жатады. Мәжіліс спикері погон таққандардың адалдығына күмән келтірді. Полицейлердің қылмысқа жақын екенін министрдің орынбасары да мойындады.

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Борьбу с наркопреступностью надо вести комплексно! Ее надо вести последовательно по всем фронтам. Особенно со сбытчиками, и со всеми теми кто им помогает. А есть у нас люди, которые им помогают, Рашид Тауфикович?  Есть.  В ваших рядах есть?  Есть!».

Енді ұрлықтың ірісі мен ұсағы болмайтын секілді. Екі жақты келісімге келіп, істі тоқтату мүмкіндігі жойылмақ.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Ұрлыққа қатысты әрекеттер ауыр қылмыстар санатына көшеді. Демек татуласу болмайды. Тіпті, залал орнын толтырса да, кешірім берсе де, қылмыстық жауаптан босатылмайды».

Мал ұрлығына қатысты бөлек бап қарастырылмақшы. Немістер үшін энергия, Қытай үшін тарихи жәдігерлері құнды, ал қазақ үшін малы қымбат. Депутаттар төрт түлікті жеке-жеке ұғым қылып енгізуді ұсынуда.

БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Мал ұрлау туралы бапты айтып отырмын. Осыны қолдануда проблема болуы мүмкін сияқты. Қазір мынау мал болсын, үйдің керек-жарағы болсын, кез келген мүлікті ұрлау заңмен қудаланады. Ал енді малдың өзі қылмыстың дербес обьектісі болған кезде қандай жануарларды немесе құстарды осы бап аясына енетінін анықтап алу қажет сияқты. Мысалы тауық пен айғырдың айырмасы бар ғой».

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Біздің мал-жануарларға жататын тізім бар. Соның ішіне тауық кірмейді».

«Мәжіліске әкелінген заңның қандай қызығушылық тудырғанын міне мына жерден-ақ байқауға болады. Дәлізде бас прокурордың орынбасары қаумалаған журналистердің сауалдарына қатар-қатар жауап беру үстінде».

Сұрақ қойғысы келген тілшілердің нөпірі қатты. Кей кездері микрофон Марат Ахметжановтың аузына тиюге сәл қалып отырды. Ал дәліздің басқа бұрышында Ішкі істер министрінің орынбасарын сауалдың астына алдық. Көлік тізгіншілері үшін жаза қатайса, жемқорлық қаупі жоғарыламай ма деп сұрап едік.

РАШИД ЖАҚЫПОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Сіздер білесіздер ғой, что жазаны салып отырған сот.  Жоқ енді бірінші ұстайтын ол патрульдік полиция ғой?  Патрульдік ұстайды. Неге ол жемқорлық туыдарды?  Қауіп жоқ па?  Жоқ. Ондай қауіп менің ойымша туындамайды».

Айтпақшы, бүгін киік пен оны қорушыларға шабуыл жасағандарды қатаң жазалау ұсынылды. Ақбөкен мүйізін сатушылар 5 жылға дейін, қорықшының өміріне қауіп төнсе, 20 жылға дейін түрмеге қамау керек делінді. Өйтпегенде киік атаулыдан көз жазып қалуымыз мүмкін екен.

Первый канал Евразия

Exit mobile version