Site icon KAZAKBOL

Полиция Жаңаөзен белсендісінің сотында ешкімді ұстамағанын айтты

Маңғыстау облыстық полиция департаменті 18 қазанда Жаңаөзен белсендісі Ержан Елшібаевтың үкімі оқылған сот отырысында ешкімді ұстамағанын хабарлады.

Бейсенбі, 17 қазанда кешке Жаңаөзен қалалық соты аймақта жастар жұмыссыздығы мәселесін айтып жүрген белсенді Ержан Елшібаевты бес жылға соттаған. Құқық қорғаушылар мен жақтастары оның ісінің саяси астары барын айтады. Бұған дейін әлеуметтік желіде сот үкімі оқылған кезде кейбір адамдардың үкімге наразылық танытып, сот залында айқай-шу болғаны, полицияның наразыларды ұстап әкеткені туралы хабар тараған. Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерде полиция ғимаратының алдына ұсталғандардың туыстары жиналып тұрғаны байқалады.

«Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында» полицейлер адамдарды «бір-бірден сот залынан шығарды, бірақ ешкімді бөлімшеге әкелген жоқ» деді Азаттыққа Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.

Белсенді Ержан Елшібаев жаза мерзімін «қауіптілігі жоғары» колонияда (қатаң режимдегі колония) өтейді. Оның қамалу мерзімі 2019 жылдың 24 наурызынан бастап саналады. Осы күні оны полиция үйінен ұстап әкеткен.

Тергеудің орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Бұған дейін бақылаушылар мен адвокаттар екі жыл бұрынғы төбелеске қатысқандардың Елшібаевқа арызы жоғын айтқан. Бұған дейін Елшібаев тағылған айыптарды жоққа шығарып, өзін азаматтық белсенділігі үшін қудалап отырғанын айтқан. Оның соты 26 маусымда басталған.

Белсенді бұған дейін полиция тарапынан қысым болғанын айтқан. Тамыз айында қазақстандық құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты «саяси тұтқындар» қатарына қосты.

centralasian.org

Exit mobile version