Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдеуінш, атом соғысы болуы мүмкіндігін ескерген жөн. Ол АҚШ-тың Орта және қысқа қашықтыққа арналған зымырандарды жою туралы келісімнен шығуын сынап, қос тарап қарулану жарысын жалғастырғанын мойындады.
41-мәрте өткізген баспасөз конференциясында Ресей президенті: «Біз қарулануды тежеу халықаралық жүйесінің сәтсіздігіне куә болдық. Оған АҚШ-тың келісімнен шығуы себеп болды. Соған байланысты біз қарулану жарысына қосылуға мәжбүр болдық, тіпті алға шықтық. Бірақ бұны мүмкіндіктердің теңесуі ретінде қарауға болады. Басқа ештеңені білдірмейді. Бірақ олар тағы келісімнен — орта және қысқа қашықтыққа арналған зымырандарды жою туралы құжаттан шығады. Сонда біз не істеуіміз керек? Ертең бізді озып кетті деп сынап жүрмесін», — деді.
Путин баспасөз конференциясын мәліметтерді қысқаша таныстырудан бастады: Ресейде барлығы жақсы, «ілгері басу үшін» ұлттық жобалар қажет. Ақшаны босқа таратуға болмайды, оны ұлттық жобаларға салу керек.
Украиналық тілші Роман Цимбалюктің «оккупацияланған Донбасқа қанша ақша жұмсалды?» деген сұрағына ол: «Украина билігі экономикалық блокада енгізді, өз азаматтарын атып жатқан да солар, біз «бейбітшілік пен өркендеуді қалаймыз», — деп жауап берді.
«Әскери тұтқындар алмастыруды үнемі жүргізіп отырамыз. Керчь бұғазында ұсталған украин теңізшілерін алмастыру қылмыстық істі аяқталған соң жүзеге асады», — деді Путин.