Ресей президенті Владимир Путин Австрия сыртқы істер министрінің үйлену тойына барады. Бұл жөнінде австриялық БАҚ хабарлады, кейін бұл ақпаратты Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады.
Ол Путин Берлинге сапары барысында, үйлену тойына жолай соғып кетеді деген. Онда Ресей президентінің Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуі жоспарланған.
Австрия СІМ Карин Кнайсль қаржыгер әрі кәсіпкер Вольфганг Майлингерге тұрмысқа шығып жатыр. Кнайсльдің өзі оңшыл Азаттық партиясынан министр болды. Бұл партия ресейшіл ұстанымды қолдайды, тіптен «Единая Россия» партиясымен ынтымақтастық жөнінде келісімге келген.
2018 жылдың басында австриялық Kurier газетіне сұқбат берген Карин Кнайсль Ресейге салынған санкциялар тиімді болмады деп атап өткен.