Ресей «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар қатарынан алып тастауға күш салады. Президент Владимир Путин бұл жөнінде «Валдай» пікірталас клубының пленарлық сессиясы кезінде айтты. Президент бірінші кезекте мұны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жасауы тиіс деді.
Көптеген елдерде, оның ішінде Ресей мен Қазақстанда, террористік ұйым ретінде танылған «Талибан» радикалды қозғалысы 15 тамызда Ауғанстан астанасы Кабулды ұрыссыз басып алған. Елден қашып кеткен президент Әшраф Ғани кейін «гуманитарлық апатқа жол бермес үшін» солай жасауды жөн көргенін айтқан. Ауғанстан іс жүзінде тәліптер бақылауына көшкен.
Батыс елдері радикалды қозғалыс билігін мойындамайды. Ресей билігі оны ресми түрде мойындамағанмен оларды Мәскеуде қабылдап, жиі кездесу өткізеді. Жуырда ғана Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеуде «Талибан» делегациясын қабылдаған. Ол халықаралық аренадағы мәртебесіне қарамастан Ауғанстан билігімен қарым-қатынас орнату қажеттігін атап өткен.