Site icon KAZAKBOL

Ресейде «Азов» украин полкының 24 жауынгеріне қатысты сот басталды

Ресейде Ростов-на-Дону қаласында «Азов» украин полкының 24 жауынгерінің үстінен қозғалған іс бойынша сот басталды. Бұл туралы «Коммерсантъ» басылымы хабарлады.

Оларға террористік ұйымға мүше, «ДХР» аумағында билікті күшпен басып алуға оқталды деген айыптар тағылған. Ресей «Азов» полкын террористік ұйым деп таныған. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, сотталушылардың дені былтыр көктемде Мариупольде ұсталған немесе тұтқынға түскен.

Мәліметтерге қарағанда, сотталушылар арасында тоғыз әйел бар. Төрт әйел «Азовта» аспаз болып істеген, тағы бір әйел полк азық-түлік қоймасын басқарған. Әйелдер «террористік қызметпен» айналыспағанын мәлімдеп, бостандыққа жіберуін соттан сұраған. Бірнеше әйел үйде оларды кішкентай балалары күтіп отырғанын айтқан. Соған қарамастан, сот оларды тергеу изоляторында 29 қыркүйекке дейін ұстау жөнінде шешім шығарған.

Сотталушылардың екеуі — Давид Касаткин мен Дмитрий Лабинский тұтқын алмасу аясында украин билігіне тапсырылған. Оларды сырттай соттар-соттамсы әзірге белгісіз. Бұл мәселе соттың алғашқы отырысында қаралмады.

Украинаның әскери тұтқындар мәселелері жөніндегі үйлестіру штабының өкілі Пётр Яценко халықаралық гуманитарлық құқық тұтқындарды ашық түрде соттауға тыйым салатынын айтқан. Ол Ресейде өтіп жатқан сотты «Женева конвенциясын өрескел бұзу» деп атаған.

«Азов» полкы 2014 жылы ерікітілерден құрылған. Оның құрамына негізінен оңшыл көзқарастағы адамдар кірген. 2015 жылы АҚШ конгрессі оған әскери көмек көрсетуге тыйым салған. Қазір «Азов» Украина қарулы күштерінің бір бөлігі саналады. Ресей Жоғарғы соты оны террористік ұйым деп таныған. Ресей үгіт-насихаты «Азовты» Украина неонацизмді «мемлекеттік деңгейде қолдайтынын» бір дәлелі ретінде пайдалануға тырысып жүр.

Источник

Exit mobile version