Ресей билігі елінде қолданысқа енгізу үшін коронавирусқа қарсы «Спутник Лайт» деп аталатын төртінші вакцинаны тіркеді.
Оның алдыңғы шығарылған вакциналардан ерекшелігі бір рет салса, жеткілікті деп хабарлайды Ресейдің тікелей инвестициялық қоры.
«Спутник Лайтты» шығарушылар тиімділігін 79,4 процент деп бағалайды. Екі компонентті «Спутниктің» тиімділігі 91,6 процент делінген.
Вакцинаны шығарған Гамалеи атындағы ғылыми орталықтың директоры Александр Гинцбург бұл препаратты вакцина жетіспей жатқан елдерге жіберуді жоспарлап отырғанын айтады. Бірақ бұл вакцина өзге елдерде тіркеуден өтуі қажет. Қазір «Спутник V» вакцинасын әлемнің 64 елі пайдаланып жатыр. Еуропалық одақ зерттеу үстінде.
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вакцинаны салуға кеңес берген емес.