Site icon KAZAKBOL

Ұрланған 6 жасар Мұхаммедті табуға көмектескен бойжеткен көшеге шығуға қорқып отыр

Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы Абай басылымына хабарласып, Шымкент қаласында 20 ақпан күні мектептен шыққан бетте жоғалып кетіп күні кеше табылған бала туралы төмендегідей жазба ұсынды.

Оның сөзіне қарағанда, баланы тауып алуға жәрдемдескен жан (әзірге аты-жөн атамауды өтінді) әлдекімдерден қорқып отырған көрінеді.abai.kz 

20 ақпан күні мектептен шыққан 6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті белгісіз бір әйел ұрлап кеткен болатын. Неше күннен бері ел сабылып, іздеді. Ол балақай менің Instagram желісіндегі бір оқырманым арқылы табылды. Шымкенттегі балақайдың табылғанына Қазақстан халқы қуануда. Ал, осы баланы тауып беруге себепші болған қыздың жағдайы қандай күйде екенін мен ғана білем. Қазір ол үйінен тысқа шыға алмай қорқып отыр.

Таңғы 4-ке дейін оның тағдырына алаңдап көз ілмедім. Әрдайым телефонмен сөйлесіп, халын сұраудамын. Ел шулап жатқан оқиға былай болған:

Бір баласы бар келіншек, пәтеріне ОLХ арқылы адамдар тұрғызатынын жазады. Содан бірден телефонына ер кісі звондап, анасы мен баласын уақытша тұрғыза тұруын сұрайды. Аяғын сылтып келген апай: «Келініммен ұрысып қалдым. Мынау немерем», — деп таныстырады. Жұмыссыз отырған келіншек оларға онша мән бермейді.

«3-ақ күнге қонып кетеміз», — дегенде, біртүрлі болып қалдым. Көрпе-жастығым жоқ екенін айтып едім. Олар ештеңе етпейді деді. «Ендеше құжаттарыңызды беріңіздер» дегенім сол еді, олар бірден кететінін айтты. Содан есіктен шығып бара жатқан еркек: «Бізді сен көрген жоқсың!» — деп ескертті. Өздерінің отбасылық кикілжіңі болар деп, бастапқыда онша мән бермедім»,  дейді пәтерші.

Осы жайттарды телефон арқылы баяндаған куәгер менің Іnstagram-дағы жазбаларымды ғана оқиды екен. Телевизор көруге уақыты жоқ. Күндіз баласымен жүреді. Қолы қалт етсе, сабағына дайындалады. Мұхаммедтің жоғалғаны туралы постымды оқыған бойда ол маған бірден хабарласып:

«Бибігүл апай, мен бұл баланы көрдім. Оны ұрлаған хиджабтағы әйел емес, басқа. 50-55 жастағы әйел. Әйелдің  жанында 35-40 жас шамасындағы ер кісі болды», — деді пәтер иесі.

Мен шұғыл түрде полиция бөліміне хабарласуын өтіндім. Бастапқыда қыз қорықса да, ІІБ-не хабарласты (менде аудиожазба да бар). Кеше түнде, сағат 1.30-да, Шымкент қаласындағы Ішкі істер басқармасының қызметкерлері ер кісінің фотороботын жасауға көмектесу үшін әлгі қызды үйінен алып кетті. Мен ІІБ қызметкерлерімен сөйлесіп, бала ұрлығына қатысы бар адамдардың фотобейнелерін жасауға жәрдем етіп жатқан куәгердің өміріне қауіп төнбейтіндей жағдай жасауын сұрадым.

Алайда, байғұс қыз бүгін үйінен шыға алмай отыр. Дүкенге барып нан сатып алуға қорқуда. Себебі, баланы ұрлаған еркек бостандықта жүр. Достарыммен сөйлесіп, 102 бөліміне хабарласуын айттым. Ол Шымкенттегі тиісті орынға хабарласты. Бірақ, аталған бөлімдегілер ІІБ  келуін талап еткен. Ал, куәгер жоғарыда айтқанымдай, көшеге шығуға қорқып отыр.

Жоғалған баланы табуға көмектесіп, артынша өзі қорғансыз болып қалған бойжеткеннің мәселесіне қатысты NUR.KZ тілшілер ОҚО ІІД хабарласқанмен, баспасөз қызметкерлері іссапармен жүргендерін айтып, жауап беруден бас тартты. Сондай-ақ бұл оқиғаға қатысты ОҚО бас полицейінің атына арнайы сауалнама хат жолдау керектігін ескертті.

 


 

Exit mobile version