Оппозициялық журналист Роман Протасевич пен оның жүріп жүрген қызы, Ресей азаматы София Сапега тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды. Бұл туралы «Настоящее время» арнасына сұхбат берген адвокат Антон Гашинский хабарлады. Қазір София Минскіде жалданбалы пәтерде жалғыз өзі тұрып жатыр.
«Кеше (24 маусым) Софияның ата-анасымен кездескенін білемін. Кездесу мейрамханада өтті, оларды сақшылар күзетіп тұрды. Себебі, үйқамақ шарты бойынша сақшылар да бірге жүруі тиіс. Бұл кездесуде Софияның жалғыз болмағанын білемін» деді Гашинский.
Оның сөзіне қарағанда, Сапегаға адамдармен бетпе-бет кездесу, мессенжер және телефонмен сөйлесуге қатысты бірқатар шектеу қойылған.
Гашинский Протасевич ісі бойынша түсініктеме бермеген.
Ақпаратқа қарағанда, ата-анасы ұсталғалы бері Романды әлі көрмеген. Әкесінің айтуынша, Протасевич те жалданбалы пәтерде жалғыз тұрып жатыр.
«Биліктің әрекетін түсіндіру қиын, олардың нені көздегенін де айта алмаймын. Олар (Роман мен София) бәрібір биліктің толық бақылауында, айыптар алынған жоқ» деді Дмитрий Протасевич.
Дмитрий Протасевичтің айтуынша, билік пен адвокаттар әлі күнге дейін жақындарына Романның халі жөнінде ақпарат бермеген.
«Бізге Романың жағдайы, оның статусы жөнінде ештеңе айтпайды, бұл мазақ қой» деді ол.
23 мамырда Беларусь билігі Грекиядан Литваға ұшып бара жатқан Ryanair ұшағын мәжбүрлі түрде Минскіге қондырған. Минск «ұшақта бомба бар» деген, бірақ борттан жарылғыш зат табылмаған. Есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық блогер Роман Протасевич пен оның жүрген қызын ұстап, қамауға алған.
Кейбір мәліметке қарағанда, Беларусь билігі Ryanair ұшағының экипаж мүшелерін истребительмен қорқытып, Минскіге қонуға мәжбүрлеген. Операцияға Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген деген болжам бар.
Протасевич ұсталғаннан кейін Минскідегі мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамалған. Ол мемлекеттік ОНТ арнасына сұхбат беріп, өзіне тағылған кінәні («жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «қоғамдық тәртіпті бұзу») мойындайтынын айтқан. Жақтастары оған қысым көрсетіп, айыпты мойындатуға мәжбүрлеген деп санайды. Протасевичтің қалыңдығы София Сапега да «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» ісі бойынша істе күдікті ретінде танылған. Оған өзге де айыптар тағылған.
Роман Протасевич – былтыр тамыздағы даулы президент сайлауынан кейінгі наразылық акцияларынан хабар таратқан NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі. Былтыр қарашада Беларусь билігі «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздық туғызды» деген күдікпен Роман Протасевич пен оның әріптесі Степан Путилаға қарсы тергеу бастаған еді.