Site icon KAZAKBOL

Өртенген автобус ісі сотында сотталушыларға түрме жазасын сұрады

Фото пресс-службы КЧС МВД РК

Ақтөбеде «автобус өрті ісі» бойынша сот отырысында жарыссөз басталды.

Жарыссөзде прокурор Осман Орынбасарұлы қамауда отырған жүргізушілер Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатовты «өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» және «жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» баптары бойынша айыпты деп танып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Прокурор «Азия транзит сервис» компаниясының құрылтайшысын «заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады» деп, ал компания механигін «ақауы бар автобусты жолға шығарды» деп айыптап, әрқайсысын жеті жылға соттауды сұрады. Прокурор Осман Орынбасарұлының айтуынша, xалықаралық бағытта жолаушы тасыған автобус екі жылдан бері теxникалық байқаудан өтпеген.

Компания құрылтайшысы мен механигі бұған дейін кепіл төлеп, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Ақтөбеде өтіп жатқан сотқа жәбірленушілердің кейбірі Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан видео арқылы қосылып жүр. Олар өздерімен бірге 22 жәбірленушінің қолы қойылған өтініш xатты ала келген. Хатта жәбірленушілер соттан айыпталушыларға ең қатаң жаза қолдануды, марқұмдардың әрқайсысы үшін 150 миллион теңге өтемақы өндіріп беруді өтінген.

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент-Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

centralasian.org

Exit mobile version