Site icon KAZAKBOL

Шардара су қоймасында браконьерлер су қорықшыларын соққыға жықты, күдіктілер ұсталды

13 маусым күні Түркістан облысында браконьерлер үстінен түскен су қорықшыларын соққыға жығу ісі бойынша алты күдікті ұсталды. Бұл туралы жергілікті полиция хабарлады.

Шардара аудандық ауруханасындағы хирургия бөлімінде ем қабылдап жатқан 41 жастағы аға су қорықшысы Серік Жанысбайдың Азаттыққа айтуынша, оқиға 8 маусым күні күндіз Жетісай ауданындағы Шаблан Ділдәбеков ауылының тұсында Шардара су қоймасында болған.

«Нұралы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үш су қорықшысы бірге қайықпен рейдке шыққан. Су жағасындағы қайықты көрген қорықшылар жақындағанда балықшылар ескегін алып қарсы тұрған.

– Қайық ішінде шамамен 60 келі балық, аккумулятор және электр қармағы болды. Серігім суға түскенде балықшының бірі электр қармағын суға салды. Ол қозғала алмай қалды. Қайықты жүргізіп тұрған екінші серігім оған көмектесті. Мен аккумулятор мен электр қармағын тәркілеуге кіріскенде тағы төрт балықшы екі қайықпен келді. Арматура, темірмен маңдайыма, оң қол білегіме, қабырғама, арқама ұрды да заттарын алып қашып кетті, – дейді ол.

Қорықшылар браконьерлерді ұялы телефонмен видеоға түсірген. Оны байқап қалған соң браконьерлер тартып алып, суға тастаған. Осыдан кейін қорықшылар оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі соққыға жығылған су қорықшысы әуелі Жетісай аудандық ауруханасына жеткізілгенін, екі күннен кейін тұрғылықты жері бойынша Шардара аудандық ауруханасына жатқызылғанын хабарлады.

Серік Жанысбайдың миы шайқалып, денесінің бірнеше жері жараланып, жырылған. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова қорықшыларға қарсылық көрсетіп, жасырынған алты күдікті екі күннен кейін Мақтаарал ауданында ұсталғанын хабарлады. Олардың үстінен қылмыстық кодекстің 380-бабымен («Билік өкіліне қарсы күш қолдану») іс қозғалған.

Серік Жанысбай браконьерлер соққысына 2020 жылы жығылғанын айтады.

Шардара су қоймасының Шаблан Ділдәбеков ауылы тұсында қармақпен балық аулауға рұқсат етілген. Бірақ Қазақстан аумағында, оның ішінде Шардара су қоймасында да электр қармақпен балық аулауға заңмен тыйым салынған.

Источник

Exit mobile version