Site icon KAZAKBOL

Швецияда тәжік ғалымы фамилиясындағы «-ов» жұрнағын алып тастау үшін соттасып жүр

Жас тәжік ғалымы Муртазо Назаров фамилиясындағы «-ов» жұрнағын алып тастау үшін Швеция сотына жүгінді. Сотқа берген өтінішінде ол совет заманында оның отбасының фамилиясын мәжбүрлі түрлі орыстандырғанын жазды.

Былтыр сәуірде Тәжікстан азаматтардың аты-жөніне «-ов/-ова» және «-вич/-овна» жұрнақтарын жалғауға тыйым салды. Аз ұлт өкілдері ғана оны қолдана алады. Муртазо Назаров мұндай бастаманы қолдайды, бірақ Ресейдегі еңбек мигранттары осы заңға қарсы шықты.

Муртазо Назаров швед сотында тәжік фамилиялары Сталин заманында мәжбүрлі түрде орыстандырылғанын мәлімдеген. Сот одан Сталин шешімінің көшірмесін көрсетуін сұраған. «Менің арызымды қалалық сот қарап жатыр. Сот шешімі қашан шығары әзірге белгісіз», — дейді Назаров.

Бұл уақытта, Тәжікстанда ондаған азамат балаларының туу туралы куәлігін орыстандырылған фамилиямен алуға ұмтылып жүр.

«Менің қос азаматтығым бар. Болашақта балаларымды Ресейге көшіріп алғым келеді. Кенже ұлымның фамилиясы басқа болса, Ресейде қиын болуы мүмкін. Сол себепті мен, Ресей азаматы ретінде, балама «-ов» жұрнағы бар фамилия алғым келетінін айттым», — дейді Дилшод есімді еңбек мигранты.

Осылайша, тәжік қоғамы бұл мәселеде екіге жарылды.

2007 жылы тәжік президенті Эмомали Рахмонов тегін Рахмон деп өзгертті. Оның бұл әрекеті кейін көптеген шенеунікке үлгі болды. Содан кейін басқа да азаматтар тегін тәжікшелей бастады.

Источник

Exit mobile version