Фото: zamana.kz
Бұл туралы Шымкент тұрғындарының бірі айтып берді.
«Жұрт «Қытай қалашығы» деп атап жүрген жерде тұратын қытайлар өз жаңа жылдарын атап өтті, – деді ол. – Мұны сол жерде жұмыс істейтін ауылдасымыздан естідік. Оның айтуынша, қытайлықтар мерекеге жақсы дайындалған. Қаладағы «Фиркан-сити» деген үлкен супермаркеттен азық-түлік, мол етіп сыра, арақ-шарап та алдырыпты. Тіпті мыңдаған теңгеге Алматыдан «Нефть» деп аталатын аса қымбат ішімдік алдыртқанын айтып жүргендер де бар.
Олар Жаңа жылды «салют» атып қарсы алады. Отшашу көбірек атылса, жаман рухтар қашып, жыл бойы жоламайды деген сенімдері бар.
Жалпы, қытайларда тәртіп аса қатал екен. Жұмысшылары басшыларына қарап ауыз ашпайды, олардың алдында жүзін төмен салып жүреді дейді. Кейде басшылары оларды кәдімгі солдаттар сияқты «шагать» еткізіп тұратын көрінеді.
Негізі, оларда біздегі сияқты мерекелерде берілетін демалыс күндері жоқ есепті. Ал, жаңа жыл мерекесінде осындай кеңшілік жасалынған. Қытайдың өзінде бұл мереке бірнеше күн бойы қатарынан тойланады деседі»
Шымкент мұнай өңдеу зауытына жақын тұста орын тепкен «қалашықтағы» казарма сияқты салынған үйлерде ұзын саны 1500-дей қытай тұрады. Яғни, олар аталған зауыттағы құрылыс жұмыстарымен айналысады. Мемлекетаралық келісім бойынша Қытай азаматтары Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңартып-жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал әлгі «қалашықта» аспаз, тазалықшы, жүргізуші сияқты жұмыстарға жергілікті азаматтар да қамтылған.
Міне, осы «қалашықта» қаңтар айының соңын ала Шығыс күнтізбесі (оны «Ай күнтізбесі» деп те атайды) бойынша Тауық жылының алғашқы күні аталып өтіпті.
Айта кетейік, Қытай мемлекетінде биылғы жаңа жыл мерекесі 28 қаңтарда басталды. Қытайлардың қолданысындағы Ай құбылыстарына негізделген күнтізбе бойынша ол бірнеше күнге ауытқып, қыстың қаңтар-ақпан айының бірнеше күндеріне сәйкес келіп отырады.