Site icon KAZAKBOL

Шымкенттік көпбалалы жанұя алматылық кәсіпкер әйел алып берген пәтерге көшті (фото)

Көп балалы Елеуовтер отбасы Алматылық кәсіпкер әперген төрт бөлмелі үйге көшіп алды.

Шымкенттік көпбалалы жанұя алматылық кәсіпкер әйел алып берген пәтерге көшті (фото)Суреттер: otyrar.kz

Үш жылдай шағын ғана жалдамалы пәтерде тұрған Елеуовтер отбасы көптен күткен қуанышқа кенеліп, көшіп жатыр. Алихан мен Маликаның бар жиған дүниесі — бес баласы. Солардың бақыты мен болашағы үшін өмір сүреді. «Гринбас» компаниясы ұсынған автобусқа тиелген азық-түліктің басым бөлігі — жомарт азаматтардың әкелген көмегі.

Қаратөбе көшесіндегі № 42 үйдің ауласы адамға лық толы. Баспаналы болған Елеуовтер отбасының қуанышына ортақ болғысы келгендер құр алақан келмепті. Көшіруге автобус ұсынған «Гринбас» компаниясының басшылығы балаларға ортопедиялық төсеніштері бар бес кереует тарту етті. Сонымен қатар көлік компаниялары да өз үлесін қосып, түсқағаздар бумасын жеткізді.

«Елеуовтер отбасы жайлы бейнематериалды көргенде ұжымда көмектесеміз деп шештік. Алдында жалдамалы пәтердің бір жылдық ақысын төлейміз деп шешкенбіз. «Отырар» телеарнасымен хабарласқанда баспана алатынын білген соң балаларға қажетті кереуеттер алуды жөн көрдік», — дейді Аня Зарубина.

Ал «Наурыз» ойыншықтар зауытының ұжымы игі бастамаға қолдау көрсетіп, Шымкентте жасалған ойыншықтарын тарту етті. Балалардың бөлмесі уақытша көлік паркіне айналып, отандық өнімді құшақтаған балғындар сыйлыққа мәз-мейрам болды.

Алматылық азаматшаның демеушілігімен баспаналы болған Елеуовтер отбасына Шымкент қаласында қол ұшын созғандар көп. Солардың бірі — «Оңтүстік жарық транзит» мекемесінің ұжымы.

Елеуовтерд3 елегендердің қатарында облыс мәслихатының депутаттары да бар. Мүмкіндігі шектеулі Тәңірбергеннің арманын орындаған — осы кісілер. Планшетке құмартқан баланың ата-анасына тұрмыстық техника да тарту етілді.

Аптаның соңына дейін мейірімді жандар Елеуовтер отбасына мұздатқыш, кір жуатын машина жеткізіп салады. Ал «ҚазТрансГаз» компаниясының ұжымы асханаға су жаңа газ плитасын орнатып береміз деп уәде етті. Осылайша жұмыла көтерген жүк жеңіл болып, көмекке мұқтаж отбасы балаларының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалды.

 

Дереккөз: Otyrar-tv.kz

Exit mobile version