Site icon KAZAKBOL

Шымкент полициясында қаза болған жігіттің әкесі: Денесінің сау жері жоқ (видео)

Бір күн бұрын Шымкент қалалық полиция департаментінде тергеу кезінде жұмбақ жағдайда қаза болған 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевтың әкесі Ерқара Жұмабаевқа 9 желтоқсанда ұлының мәйіті көрсетілді.

Баласының денесі қанталап кеткенін айтқан Ерқара Жұмабаев оны «ұрып өлтірген болуы мүмкін» деген күдіктің ұлғайғанын айтты.

– Денесінің сау жері жоқ. Қанталап кеткен. Басы, иығы, аяғы, арқасы. Көгергенде денесі қарайып кеткен. Камераға түсіруге рұқсат бермеді. Өздері түсіріп тұрды. Адвокат соққының іздері дейді. Ал аналар (прокуратура мен полиция қызметкерлері – ред.) үндемей тұр, – деді Ерқара Жұмабаев Азаттық тілшісіне.

Ол 9 желтоқсанда таңертең журналистерге «ұлы ауырып көз жұмды» деген полицейлердің сөзіне сенбейтінін, баласын «ұрып өлтіруі мүмкін» екенін жеткізген еді.

Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, 8 желтоқсанда күндізгі сағат 12-лер шамасында баласы Нұрболат Жұмабаевпен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрған кезде ұлын полиция ұстаған. Шамамен 4 сағат өткеннен кейін баласының қайтыс болғаны жөнінде хабар жеткен. Ол ұлының денсаулығы жақсы болғанын, жүрегі ауырмағанын айтады.

8 желтоқсанда марқұммен бірге ұсталған екінші күдікті Сергей Петров шекесінің көгергенін айтады. Ол полицейлердің өздерін ұрып-соққанын жеткізді.

— Басымызға қап кигізіп, ұрып соқты. Одан соң қалалық полиция департаментіне әкелді. Бізді жедел уәкілдер ұрды. Жұмабаевты да ұрды. Оның бәрін көрдім. Басымызға куртка кигізіп, қолымызды кісендеді. Куртка түсіп қалды. Оны (Жұмабаевты – ред.) қалай әкеткенін, қалай ұрып соққанын көрдім, – дейді Сергей Петров.

Ал бейсенбі күні осы оқиғаға түсініктеме берген Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов «тергеу амалдары жүріп жатқан кезде артық әңгімені неғыламыз» деп сараптама нәтижесін күтуге кеңес берді.

– Кабинетте жігіттерге «мазам болмай тұр» деп айтқан. Енді сіздер кешіріңіздер, біз дәрігер емеспіз. Әртүрлі жағдай болады. Сараптама нәтижесін күтейік, – деді ол.

Журналистердің «тергеу кезінде кабинетте камера болды ма?» деген сұраққа ол «иә» деп жауап берді. Бірақ ол туралы әрі қарай айтпады. Оның айтуынша, марқұмды тергеген бес-алты адамның ешқайсысына әзірге жұмыстан шеттетілмеген. Олардың әрекеті тексеріліп жатыр.

— Тергеу амалдарына қатысуға құқымыз жоқ. Прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік қызметі дене жарақатын бәрін қарап шыққан. Алғашқы кезде көрініп тұрған жарақат жоқ деп айтты. Қайталап айтамын, мен дәрігер, сарапшы емеспін, — деді полиция бастығы.

Қазақстанда полиция департаментінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған оқиғалар жиі кездеседі. 2020 жылы қазан айында ШҚО-да «мал бағып жүрген жерінен ұсталып, полицияға жеткізілген» тұрғын белгісіз жағдайда қайтыс болды. Туыстары марқұмды «полиция бөлімшесінде азаптап өлтірген болуы мүмкін» деп айтқан. Кейін оқиғаға байланысты бірнеше қызметкер ұсталған.

Источник

Exit mobile version