Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз несие алмақшы болған тұрғындар алаяқтың арбауына түсіп, полицияға арызданған.
Қала аумағындағы базарлардың бірінде адамдарға өзін мемлекеттік кәсіпкерлік мекемеде жұмыс істеймін деп таныстырып, бизнес бастау үшін ақша шығарып бере алатынына сендірген. Алайда, ол қызметі үшін 300-500 мың теңге аралығында ақы алып отырған.
Тәртіп сақшылары бір адамға қатысты ұқсас мазмұндағы 12 азаматтың арызын тіркеуге алған. Аталған жайт бойынша «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Жәбірленушілерден жауап алынып, олардың ақша аударымдары тексерілді. Нәтижесінде азаматшаның жеке басы анықталып, жедел уәкілдер оны тұрғылықты жері бойынша ұстады. Қазіргі таңда ол қамауда.
Белгілі болғандай, азаматшаның аталған жұмыс орнына еш қатысы жоқ, тек алаяқтықты кәсіп ету арқылы ақша алып, өз пайдасына жұмсап отырған. Полиция жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарға алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін сақтық шараларын ұстанып, күмәнді қызмет ұсынған азаматтарға сенбеуге және мәселеңізді тез арада шешемін деп, алаяқтарға алданып қалмауды сұрайды. Барлық әрекеттерді дұрыс жасап, заң аясында ғана атқаруға кеңес береді. Қандай да бір алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” арнасына хабар беріңіздер.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі