Site icon KAZAKBOL

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған екі белсенді Еуропа одағы мен БҰҰ-дан араша сұрады

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен сотталған белсенділер Жанмұрат Аштаев және Ләззат Досмамбетова түрмеден хат жолдап, Еуропа одағының депутаттары мен БҰҰ-дан араша сұрады. Бұл туралы Азаттыққа олардың туыстары хабарлады.

Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен келіспей апелляциялық шағым түсірген белсенділер Шымкенттің «Сәуле» ықшам ауданындағы ИЧ 167/11 тергеу изоляторында жатыр. Оның бірі, көпбалалы әйел Ләззат Досмамбетованың денсаулығы нашарлаған.

— Анамның жүрегі мен басы ауырып жүр. Қолын көтере алмайды. Бір апта бұрын анализ тапсырдық. Нәтижесі келмей жатыр. Хатты қорғаушысы арқылы беріп жіберді, — деді Досмамбетованың қызы Айжан Нәдірбек.

Досмамбетова хатында «заңсыз сотталғанын, қаңтардағы жаппай наразылық кезінде конституциялық құқығын пайдаланып жұмыссыздық, жалақының аздығы, қымбатшылық сияқты әлеуметтік мәселелерді айту үшін митингіге шыққанын, қылмыс жасамағанын айтқан».

«Еуропа одағының депутаттары мен БҰҰ өкілдері! Сіздерден Қаңтар оқиғасына байланысты түрмеге кесілген саяси тұтқындарды босатуға ықпал етуді, ойдан құрастырылған қылмыстық істерге халықаралық тергеу жүргізуді сұраймын» дейді белсенді хатында.

27 шілдеде жазылған хатты қызы Айжан Нәдірбек 2 тамызда Facebook парақшасында жариялаған.

Белсенді Жанмұрат Аштаев та әйелі Мөлдір Нұранованың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған хатында БҰҰ мен Еуропа одағынан көмек сұрап, саяси белсенділігі үшін түрмеге түскенін айтқан. Қазақстанда құқық қорғаушылар үш белсендіні «саяси тұтқын» деп таныған еді.

15 шілдеде Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің «Жаппай тәртіпсіздік» бабы бойынша айыпталған белсенділер Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, Ләззат Досмамбетовагы 3 жыл 7 айға түрмеге кескен. Белсенділер үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 44 жастағы Жанмұрат Аштаев 8 қаңтарда қамауға алынған. Олар бұл істі саяси белсенділігімен байланыстырады.

Кейінгі үш жылдан бері қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділер былтыр «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген айыппен сотталып, әрқайсысының бостандығы әртүрлі мерзімге шектелген еді. Сол кезде Қазақстанның тәуелсіз құқық қорғаушылары оларды «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.

Шымкентте 4-6 қаңтар аралығында жаппай наразылық болып, соңы жаппай дүрбелеңге ұласқан. Ресми ақпарат бойынша, Шымкенттегі Қаңтар оқиғасында 20 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған.

Источник

Exit mobile version