Шымкенттік тұрғын түнгі уақытта мас халде темекі алу үшін дүкен іздеп шығып, онда ешкімнің жоқтығын пайдалана отырып, ұрлыққа түскен. Яғни есікті бұза отырып, ішінен шарап, сусындар мен темекілерді және кассада тұрған ақшаны алып, бой тасалаған. Кәсіпкерге 150 мың теңгеге жуық шығын келтірген.
Аталған жайт бойынша дүкен иесі Қаратау ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы арызданған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, куәлерден жауап алып, жақын маңдағы бейнебақылау камераларын жіті қараған. Нәтижесінде ұрлыққа түскен азаматтың жеке басы анықталып, қала аумағынан ұсталды.
Ер адам өз кінәсін толықтай мойындап, кешірім сұраған. Келтірілген шығынды өтеген.
Қылмысты алкогольдік масаң күйде жасағаны үшін ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен 3 (үш) жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Өз кезегінде полицейлер азаматтарға сақтық шараларын қатаң ұстануды сұрайды. Қауіпсіздік мақсатында мүмкіндігінше кәсіпорынға бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатуға кеңес береді. Сондай-ақ, терезелерге темір торлар мен кіретін есіктерге сенімді құлыптар қою керектігін ескертеді.
Егер, Сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі