Жалпықытай халық өкілдері жиналысының депутаттары Си Цзиньпинді Қытай Халық Республикасының төрағасы қызметіне үшінші мәрте сайлады, деп хабарлады «Синьхуа» агенттігі. Қытай тарихында алғаш рет мемлекет басшысы үшінші мерзімге қалып отыр.
Бұған қоса, Си Цзиньпин ҚХР Орталық әскери кеңесінің басшысы қызметін сақтап қалды, деп жазды «Коммерсант». 2952 депутат бірауыздан дауыс берген. Мемлекеттік кеңестің бірінші вице-премьері Хань Чжэн ҚХР төрағасының орынбасары болып сайланды. Қытай компартиясы Орталық комитеті Саяси бюросы тұрақты комитетінің мүшесі Чжао Лэцзи Жалпықытай халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Жалпықытай халық өкілдері жиналысының үшінші жалпы отырысы елдің жоғары лауазым иелерін дауысқа салған. Бұның алдында депутаттар ҚХР мемлекеттік кеңесі аппараты реформаларының жоспарын мақұлдаған.
Мемлекеттік кеңес — Қытайдың жоғарғы атқарушы органы. Реформалар жоспарының түпкілікті нұсқасы әлі жарияланған жоқ. Жоспар Қытай компартиясы «орталық жетекшілерін» күшейтуді, мемлекеттік аппарат жұмысы тиімділігін арттыруды көздейтіні мәлім.
Си Цзиньпин 69 жаста. Ол Қытай компартиясы бас хатшысы қызметіне 2012 жылы тағайындалған, ал 2013 және 2018 жылдары ҚХР төрағасы болып сайланған. 2017 және 2022 жылдары Компартия ОК бас хатшысы болып қайта сайланған.