Сириядағы жанжал аймағындағы қырғыз азаматтары «Айкөл» гуманитарлық миссиясы аясында елге оралды. Бұл туралы 16 ақпанда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон министрлігі хабарлады.
Мәліметке қарағанда, бейсенбі күні таңертең Қырғызстанға қонған арнайы ұшақтан 18 әйел мен 41 бала түсті. Оларды СІМ мен ҰҚМК өкілдері алып жүрді.
«Мұндай ауқымды репатриациялық шара осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Мақсат — өте ауыр әрі қауіпті жағдайда қалған балаларды құтқару», деп жазылған министрлік таратқан мәліметте.
Сириядағы қырғыз азаматтарын елге қайтаруға БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті де көмектескен.
Елге оралған балалар оңалту орталықтарында көмек алады.
Ирактағы босқындар лагерінде қалған 79 бала 2021 жылғы наурызда Қырғызстанға оралған.