Site icon KAZAKBOL

Сот журналист Лұқпан Ахмедияровтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Батыс Қазақстан облыстық соты 18 сәуірде мәжіліс депутаттығына үміткер болған журналист Лұқпан Ахмедияровтың өзін 15 тәулікке қамау жөніндегі әкімшілік соттың шешіміне қарсы шағымын қанағаттандырмады.

9 сәуір күні ол Оралдағы «Қазақтың батыр қыздары» ескерткішінің алдына шығып, сөз сөйлеген. Полиция мұны бейбіт жиындар жөніндегі заңды бұзды деп танып, қамауға алған.

Осы күні аталған ескерткіш маңында «Ғасыр» қоғамдық жастар бірлестігінің басшысы Болатбек Сахиев ұйымдастырған шара өткізіліп жатқан. Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, ешқандай заң бұзбады. Рұқсат етілген шара кезінде ұйымдастырушымен келісіп, сөз сөйлеген.

«Сахиевтің маған сөйлеуге рұқсат беріп жатқан видеосы бар. Мен мінберге тек Сахиевпен келісскеннен кейін ғана шығып, сөз сөйледім. Осыдан кейін әкімдік өкілі Ербол Күшеков келіп, сөзімді аяқтауымды сұрады. Осының бәрі видеода жазылған», — деді сот кезінде Ахмедияров.

Алайда судья Гүлнара Миниус журналист шағымын қанағаттандырмау жөнінде шешім шығарды.

Источник

Exit mobile version