Site icon KAZAKBOL

Түркімен билігі емші-балгерлерді қыспаққа алды

Түркіменстан билігі балгерлерге қарсы рейд жүргізіп, олардан ресми рұқсат алуды талап етіп жатыр. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлай түскен елде халық емші-балгерлерге жиі жүгінетін болған.

«Осы күндері Махтұмқұлы мен Түркіменбашы қалаларында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соның ішінде арнайы қызмет өкілдері балгерлер мен емшілердің үйлерін аралап жүр. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі.

Қауіпсіздік органдарының қызметкерлері емші-балгерлерден мемлекеттен лицензия алуды талап етіп жатыр.

«Бірақ Түркіменстанда мұндай қызметке рұқсат беретін мемлекеттік орган жоқ», — дейді тілші.

Түркіменстанда емші-балгерлер қызметіне тыйым салатын заң жоқ. Бірақ 2016 жылы елде «Жарнама туралы» заң қабылданған. Құжат емші-балгерлерді, солар секілді тылсым күштерге жүгінетіндерді жарнамалауға тыйым салады.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері емші-балгерлерді «адамдарды дуалады», «ел экономикасына кері әсер етті» деп айыптап жатыр.

Түркіменстанда әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлаған сайын қарапайым халық тұрмыс мәселелерін шешу үшін емші-балгерлерге жиі жүгінетін болған.

2022 жылғы мамырда Азаттықтың Түркімен қызметі Ашғабаттан келетін комиссия тексеруі қарсаңында емші-балгерлерге жүгінген шенеуніктер туралы жазған.

Источник

Exit mobile version