Чехияның әйнектен түрлі бұйымдар жасайтын белгілі Moser компаниясы Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің сүйікті жылқысының суреті бар эксклюзивті бокалдар дайындаған. Бұл туралы компания басшысы Павел Менцл euro.cz сайтына берген сұқбатында айтқан.
Оның сөзінше, Ашғабадта бірнеше бутигі бар Moser осыған дейін де президент резиденциясы үшін түрлі бұйымдар дайындап тұрған.
«Жақында компанияға түркімен президентінің сүйікті жылқысының суреті бар бокалдар жасау жөнінде тапсырыс келді. Алдымен жылқылардың суреттерінің дизайны жасалып, сосын біздің мамандар оны әйнек бокалдарға көшіріп дайындап берді», — деген Менцл.
Ол түркімен президенті үшін жасалған бокалдарға қанша ақша төлегенін айтпады. Бұл бойынша Moser компаниясынан қосымша мәлімет алуға мүмкін болмады.
Былтыр ақпанда 80 пайызы шөлейттен тұратын Түркіменстан жаңа ипподром үшін Ұлыбританиядан 1 млн 300 мың долларға 10 тонна құм сатып алғаны белгілі болған.