Site icon KAZAKBOL

Түркіменстанда зейнетақы мен жәрдемақы кешікті

Түркіменстанның кейбір аймағында наурыз айының зейнетақысы мен жәрдемақысы кешігіп жатыр.

Жергілікті банктегілер төлем азаматтардың банк мәліметтерін қайта тіркеу талабын орындауға байланысты кешікті деп түсіндірген.

Алайда түркімен банктері, еңбек министрлігі де мұндай талап туралы ресми мәлімет таратқан жоқ. Зейнетақы мен жәрдемақы 15 сәуірге дейін төленеді деген мәлімет бар.

«Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақының банк карталарға аударылуын бір аптадан бері күтіп жүрміз», — дейді тұрғындар.

Банк қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда, азаматтар банк карталары мен төлқұжат мәліметтерін тұрғылықты мекендегі банктерде қайта тіркеуі тиіс. Тұрғындар билік бірінші мәрте осындай талап қойғанын айтып отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Ахал уәлаятында жаңа қала құрылысы жүріп жатыр. Мемлекет оған 5 млрд доллар жұмсауды көздеп отыр. Бұның алдында Азаттықтың Түркімен қызметі бюджет қызметкерлерінің айлығы кешіккенін хабарлаған.

Түркіменстанда ең төменгі зейнетақыны анықтауға арналған базалық көрсеткіш 450 манат, ал ең төменгі мемлекеттік жәрдемақыны анықтауға арналған базалық көрсеткіш 430 манат.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Түркіменстанда ең төменгі жалақы 1160 манатқа көтерілген. Түркіменстан орталық банкінің бағамы бойынша 1 доллар 3,5 манатқа тең.

Источник

Exit mobile version