Өткен аптада Түркия төлқұжат мерзімі өтіп кеткен түркімен азаматтарына елінде уақытша тұруға қайта рұқсат бере бастады. Бұл үшін консулдықтың құжатты ұзарту белгісі керек.
Наурыздың аяғында Түркияның аймақтық миграция басқармасы төлқұжат мерзімі өтіп кеткен Түркіменстан азаматтарынан уақытша тұруға өтінішті қабылдауды тоқтатқан.
2022 жылы қыркүйекте Түркия Түркіменстан азаматтары үшін виза режимін енгізген. Осыдан кейін елде тұрып жатқан түркімен азаматтарының жағдайы қиындаған. Оған дейін түркімен азаматтары 15 жыл бойы Түркияға визасыз кіріп, елде 30 күнге дейін жүре алатын.
Түркияда 133 мыңнан астам түркіменстандық уқытша тұруға ресми рұқсат алған. Алайда 2 миллионға жуық түркіменстандық заңсыз тұрып, жұмыс істейтіні айтылып келеді.