Site icon KAZAKBOL

Түркімен билігі автокөлік түсіне қатысты талапты күшейтті

Түркіменстанда азаматтардың автокөлігінің түсіне қатысты жаңа талаптар енгізді. Онда автокөлік ақ түсті болуы керектігі айтылған. Бұл туралы Азаттық радиосының түркімен қызметі хабарлады.

Түркімен қызметі тілшісінің хабарлауынша, автокөліктерге қатысты жаңа талап сәуірде, техникалық тексерулер басталар қарсаңында мәлім болған. Түркіменстанда мұндай тексеруді мемлекеттік мекемелер ғана жүргізеді.

Енді мемлекеттік мекемелердің барлық автокөліктері, соның ішінде автобустар, шағын автобустар, жеңіл автокөліктер, пошта көлігі, барлығы ақ түсті болуы тиіс. Түркімен қызметінің хабарлауынша, бұған дейін мұндай талап жекеменшіктегі автокөліктерге ғана қойылған.

Тілшінің мәліметі бойынша, басқа түсі бар автокөліктер техникалық тексеруден өте алмайды.

Turkmen.news басылымының хабарлауынша, алдағы уақытта ақ түсті автокөліктерге қойылатын талап күшейтіледі.

Жол полициясындағы дереккөздің мәліметіне қарағанда, автокөлік терезесін тазалағыштың түсі де ақ болады деген талап енгізілуі мүмкін.

Полиция қызметкерлері жаңа талаптарды қабылдау себебін Азаттық радиосының түркімен қызметіне түсіндірмеді.

Түркіменстанда автокөлік түсіне қатысты талаптар алғаш рет 2017 жылы енгізілген. 2020 жылы қара түсті автокөліктерді тоқтатып, олардың иелеріне айыппұл салу қайта жалғасты.

centralasian.org

Exit mobile version