Site icon KAZAKBOL

Түркімен кәсіпкерлері биліктің Ресейге азық-түлік экспорттау жөніндегі жоспарына наразы

Украинаға басып кірген соң Мәскеуге қарсы халықаралық санкциялар күшейген уақытта, Түркіменстан билігі жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлерге азық-түлік экспорты артатынын ескертті.

Түркіменстан Ресейге көкөніс, ет және басқа да азық-түлік түрлерін экспорттауды жоспарлап отыр.

«Мары билігі жиналыстар өткізіп, өндірілетін азық-түліктің басым бөлігі Ресейге жолданатынын айтып жатыр. Олар қант қызылшасына ерекше көңіл бөлінетінін ескертті. Шенеуніктер Ресейде қант тапшы екенін, ет жетіспейтінін мәлімдеді. Мақта-мата өнімдерін де Ресейге экспорттауы мүмкін», — деді осы аймақта тұратын кәсіпкерлердің бірі Азатықтың Түркімен қызметі тілшісіне.

Кәсіпкердің айтуынша, биліктің азық-түлік экспортын арттыру жөніндегі жоспары жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды.

«Бірнеше жылдан бері қант жемеген адамдар өзімізде де жетеді. Қуаңшылықтан мал қырылды. Ет қымбаттады. Енді біз Ресейді асырауымыз керек пе? Ауғанстанға гуманитарлық көмек беру керек деп біздің нанымыз бен ұнымызды тартып алды. Жаңа президент сайланса, жағдай өзгереді деп үміттеніп едік. Үмітіміз ақталмады», — дейді ол.

Түркімен үкіметінен Ресейге азық-түлік экспортталатыны туралы мәліметке қатысты пікір алу мүмкін болмай отыр.

Түркіменстан қантты Ресей, Әзербайжан, Үндістан секілді елдерден импорттап отыр.

Источник

Exit mobile version