Түркіменстандағы әйелдер түрлі косметикалық әдістерге жүгінгені үшін жұмыстан шығып қалуы мүмкін.
Азаттық радиосы Түркімен қызметі дереккөздерінің Түркіменстаннан хабарлауынша, жақында ондаған стюардесса мен пойыздағы жолсерік ерінді түзету және басқа да косметикалық әдістерге жүгінгені үшін жұмыстан шығарылған.
«Ел ішіндегі рейстер қайта жанданған соң әуе компаниялары ерінге ботокс салдырған жиырма шақты қыз-келіншекті жұмыстан шығарды. Теміржолдағы жолсерік қыздарды да шығарып жатыр. Елу шақты жолсерік еріндегі ботокс, тағы бірнешеуі төсті үлкейтетін силикон үшін жұмыстан кетті», дейді Ашғабаттағы дереккөз. Оның айтуынша, осы себепті жұмыстан шыққан қыздарды қайта қабылдамайды.
Тілшілер елдің басқа да аймақтарында ботокс салдырған қыз-келіншектерді жұмыстан шығарып жатқанын хабарлады. Мәселен, Түркіменбашы әуежайында кем дегенде алты әйел жаңадан енгізілген тыйымнан соң жұмыссыз қалған. Бұған қоса, Түркіменабадтан Ашғабатқа қатынайтын ішкі рейстерге қызмет көрсеткен екі стюардесса жұмыстан кеткен.
«Түркімен әуе жолдары» мен «Түркімен теміржолы» компанияларынан осы мәселеге қатысты жауап алу мүмкін болмай отыр.
Түркіменстан билігі тыйымдардың көбісін ауызша береді. Билік жаңа тыйым енгізілгені туралы ресми түрде хабарламайды. Полиция қызметкерлері ауызша бұйрықпен азаматтарға айыппұл салады, бірақ жарлық пен бұйрықты көрсетпейді. Сол себепті ел азаматтары жаңа тыйым шыққанын тәртіп сақтау өкілдерімен бетпе-бет кездескенде ғана біледі.
Халықтың сырт келбетіне бақылау шамамен үш апта бұрын басталған. Ботокс, татуаж, жасанды кірпік және басқа да косметикалық әдістерге жүгінген қыз-келіншектер полиция назарына ілікті. Кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарында «табиғи сұлулық» насихатталып жатыр. Бұған қоса, қыз-келіншектерге тар көйлек киюге болмайды. Үйлену тойына тігілген ақ көйлекке де тыйым салынды. Түркіменстанда джинс, ер азаматтарға шорт киюге болмайды. Түнгі клубтар жабылып жатыр. Жақында автокөліктің алдыңғы орнында отырған әйелдерге де айыппұл салына бастаған.
Азаттықтың Ашғабаттағы тілшілерінің хабарлауынша, мемлекеттік мекемелерде осындай тыйымдарды бұзғандарға қызмет түрлері көрсетілмей жатыр.